AI & Digital Bridge 2026: Астанада eGov 3.0-ді дамыту және мемлекеттік қызметтердің болашағы талқыланды

gov.kz

AI & Digital Bridge 2026 халықаралық форумы аясында цифрлық үкіметті дамытуға, мемлекеттік цифрлық қызметтерді жетілдіруге және мемлекеттік басқару саласында жасанды интеллектіні қолдануға арналған «eGov 3.0» панельдік сессиясы өтті, деп хабарлайды Astana TV.

Панельдік сессияны Қазақстан Республикасы ЖИЦДМ Бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин ашты. Талқылауға сондай-ақ «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Шыңғыс Оразалимов, цифрлық үкімет және цифрлық трансформация саласындағы сарапшы Ричард Кирби, Грузияның Цифрлық басқару агенттігінің төрағасы Сандро Цирекидзе, Еуразиялық даму банкінің Цифрлық бастамалар дирекциясының басқарушы директоры Дәурен Рахимжанов қатысты. Сессияны TrustExam.ai компаниясының CEO-сы әрі тең құрылтайшысы Ерсұлтан Ерманов жүргізді.

Қатысушылар мемлекеттік цифрлық сервистердің келесі буыны қандай болуы керектігін және жасанды интеллект, деректер мен заманауи технологиялық шешімдер азаматтар мен бизнестің мемлекетпен өзара іс-қимылын қалай өзгерте алатынын талқылады.

Сессияның негізгі тақырыбы eGov 3.0 тұжырымдамасы болды. Бұл мемлекеттік қызметтерді онлайн ұсынумен шектелмей, пайдаланушының қажеттілігіне бейімделген, өзара байланысқан және проактивті сервистерді қалыптастыруды көздейді. ҚР ЖИЦДМ Бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, eGov 3.0-ді дамыту пайдаланушы интерфейсін жаңартумен ғана шектелмейді. Ең алдымен, мемлекеттік қызметтерді әзірлеу және ұсыну тәсілі өзгереді.

«Жаңа eGov 3.0, шын мәнінде, портал дизайнын жаңартумен шектелмей, QazTech жаңа технологиялық платформасы негізінде жүйені толық қайта құруды көздейді. Жаңа архитектура жүйенің өнімділігі мен тұрақтылығын арттырып, жаңа қызметтерді жылдам енгізуге мүмкіндік береді. QazTech – инфрақұрылымды, қауіпсіздікті, әзірлеу құралдарын және дайын компоненттерді біріктіретін цифрлық мемлекеттің технологиялық негізі. Осының арқасында мемлекеттік сервистерді бірыңғай стандарттар негізінде жылдамырақ әзірлеуге болады», – деді Ростислав Коняшкин.

Сессия барысында жаңа тәсілдің негізгі элементтерінің бірі ретінде жасанды интеллектіні қолдану мәселесіне де ерекше назар аударылды. Жасанды интеллект технологиялары пайдаланушы қажетті қызметті каталогтан өзі іздейтін модельден адамның қызметті алу барысындағы барлық кезеңде цифрлық сүйемелдеуге мүмкіндік беретін тәсілге көшуге жол ашады. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы Шыңғыс Оразалимов бұл қағидаттың eGov Mobile қосымшасындағы eGov GPT сервисі арқылы жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. 

«Қазақстан eGov 3.0 жүйесін дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарды. Біз бұл жүйенің дамуын мұқият бақылап отырмыз және Қазақстанның тәжірибесін өте қызықты деп санаймыз. Азаматтардың мемлекеттік қызметтермен өзара іс-қимылын жеңілдету үшін жасанды интеллектіні қолдану тәсілі ерекше назар аудартады. Біз бұл тәжірибені егжей-тегжейлі зерделеп, оны Грузияда қолдану мүмкіндіктерін қарастырғымыз келеді», - деді Грузияның Цифрлық басқару агенттігінің (LEPL Digital Governance Agency) төрағасы Сандро Цирекидзе.

Қазіргі уақытта eGov GPT арқылы 55 мемлекеттік қызмет қолжетімді. Платформаны 455 мыңнан астам адам пайдаланып үлгерді.

Цифрлық сервистерді дамытудың келесі кезеңінде осыған ұқсас тәсіл кәсіпкерлер үшін де енгізіледі. Бүгінде кәсіпкерлер мен бизнеске қажетті мемлекеттік қызметтер, цифрлық сервистер және мемлекеттік қолдау шаралары бір ортаға жинақталған бірыңғай цифрлық кеңістік – eGov Business арқылы ұсынылады. 

eGov Business қосымшасын ай сайын шамамен 44 мың кәсіпкер пайдаланады. Сервисте шағын және орта бизнеске арналған 40-тан астам мемлекеттік қызмет пен лицензия, компания туралы мәліметтер және құжаттар қолжетімді. Қосымша арқылы пайдаланушылар QR-кодтың көмегімен 410 мыңнан астам құжатқа қол қойған. Сонымен қатар биометриялық сәйкестендіру арқылы ХҚКО-ға бармай-ақ шамамен 28 мың ЭЦҚ шығарылды.

«Кәсіпкер негізгі мәселелерін бір қосымша арқылы шеше алатын жүйеге көшу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Атап айтқанда, компания құжаттарын цифрлық форматта рәсімдеу мүмкіндігін енгізуді жоспарлап отырмыз. ЖШС жарғысын онлайн режимде әзірлеуге, оған қол қоюға және кейін өзгерістер енгізуге болады, бұл ретте құжаттың барлық нұсқалары сақталатын болады. Сондай-ақ FinTech сервистерімен бірлесіп, банктік картаны тікелей қосымша арқылы шығару мүмкіндігін қарастырып жатырмыз», – деді Шыңғыс Оразалимов.

Жасанды интеллектіні тікелей eGov Business платформасына енгізу де маңызды бағыттардың бірі болады. eGov GPT мультиагенттік платформасы кәсіпкерге қажеттілігін еркін түрде сипаттауға мүмкіндік береді. Жүйе көрсетілген міндетке сәйкес қажетті қызметті анықтап, өтінімді дайындауға көмектеседі.

Сессия барысында цифрлық мемлекетті дамытудағы халықаралық тәсілдер, деректер мен жасанды интеллектіні пайдалану, GovTech-ті дамыту және цифрлық шешімдерді ауқымды түрде енгізу мүмкіндіктері де талқыланды.

«Менің ойымша, бүгінде Қазақстан технологиялық даму саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі болып отыр. Ел жасанды интеллект технологияларын мемлекеттік деңгейде белсенді енгізіп, оларды мемлекеттік органдардың қызметіне жүйелі түрде интеграциялауда. Қазақстанның жас ұрпақты дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өткім келеді. Жастарға жасанды интеллект, цифрлық технологиялар және инновациялар сияқты перспективалы бағыттарда мүмкіндік жасау елдің болашағы үшін аса маңызды. Қазақстанның даму перспективаларына зор сеніммен қараймын. Қазіргі әлем барған сайын өзара байланысқан сипатқа ие болып келеді, ал Қазақстан жаһандық технологиялық кеңістікте маңызды орын алып отыр», – деп атап өтті цифрлық үкімет және цифрлық трансформация саласындағы халықаралық сарапшы Ричард Кирби.

eGov 3.0-ді дамыту мемлекеттік қызметтерді іздеу және оларды пайдаланушының өз бетінше алуына негізделген дәстүрлі тәсілден проактивті цифрлық сүйемелдеуге көшуге бағытталған. Бұл ретте мемлекеттік сервистер нақты пайдаланушының қажеттілігіне бейімделіп, қажетті процестерді өзара байланыстырып, қызмет алуға жұмсалатын әрекеттер санын барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Қатысушылар пайдаланушы тәжірибесіне де ерекше назар аударды. Цифрландырудың келесі кезеңінде технологиялар барған сайын проактивті режимде жұмыс істеп, пайдаланушының қажеттілігін алдын ала анықтауға, қажетті процестерді біріктіруге және қызметтерді барынша аз әрекет арқылы алуға жағдай жасауы тиіс.

AI & Digital Bridge 2026 алаңында өткен панельдік сессия мемлекеттік, технологиялық және халықаралық сараптаманы бір арнаға тоғыстырып, цифрлық мемлекетті және мемлекеттік қызметтерді одан әрі дамыту бағыттарын талқылауға мүмкіндік берді.

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ үшін eGov 3.0-ді дамыту Қазақстанның цифрлық үкіметін одан әрі жетілдірудің негізгі бағыттарының бірі болып саналады. 

Айта кетейік, AI & Digital Bridge 2026 форумы 1-3 қазан аралығында Астанадағы «EXPO» халықаралық көрме орталығында өтуде. Форум AI MONTH аясындағы негізгі халықаралық іс-шаралардың бірі. Іс-шара Қазақстандағы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылуда.