Жамбыл облысында екі сотталған рақымшылыққа ілінді, - деп хабарлайды Astana TV.
Республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді. Осыған орай Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев рақымшылық жасау туралы заңға қол қойды. Заң талаптарына сәйкес, рақымшылық қоғамға елеулі қауіп төндірмейтін, қоғамдық қауіпсіздік пен мемлекеттің маңызды мүдделеріне зиян келтірмеген құқық бұзушылықтар жасаған азаматтарға қолданылады. Аталған заң аясында Жамбыл облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты қауіпсіздігі барынша төмен №26 мекемесінде жазасын өтеп жатқан екі азаматқа қатысты ізгілік шаралары қолданылды. Атап айтқанда, 46 жастағы Меркі ауданының тұрғыны рақымшылыққа ілігіп, жазасының өтелмеген бөлігінен босатылып, еркіндікке шықты. Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айыру жазасына сотталған болатын. Сонымен қатар мекемеде жазасын өтеп жатқан 53 жастағы әйел азаматшаның жазаны өтеу мерзімі кейінге шегерілді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 74-бабына сәйкес, жүкті әйелдердің, жас баласы бар немесе оны тәрбиелеп отырған әйелдердің, сондай-ақ жас баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отырған ер адамдардың жазаны өтеу мерзімі заңда белгіленген тәртіппен кейінге қалдырылуы мүмкін. Рақымшылық – заң талаптары негізінде азаматтарға түзелуге, қоғамға қайта бейімделуге және жаңа өмір бастауға мүмкіндік беретін ізгілік шарасы.