Дизайнер Садраддиннің даулы образына қатысты пікір білдірді

Фото: ұлт ЖИ

Әлеуметтік желіде әнші Садраддин Болаттың жаңа сахналық образы қызу талқыға түсті. Ерекше киім үлгісіне қатысты түрлі пікір айтылғаннан кейін образ авторы, «Arunaz Atelier» брендінің негізін қалаушы Назым Қарпықова сынға жауап берді, деп хабарлайды  Astana TV.

 Дизайнердің сөзінше, сахналық киімді әзірлеуге небәрі екі күн уақыт берілген. Алдымен бірнеше эскиз дайындалып, олардың арасынан Садраддин мен оның командасына ұнаған нұсқа таңдалған. Осыдан кейін дизайнерлер қысқа мерзім ішінде образды толық дайындап шыққан.

Назым Қарпықова киімдегі басты детальдардың бірі - корсет екенін атап өтті. Оны жасау үшін шеберлерге тынымсыз еңбек етуге тура келген.

"Екі күннің ішінде тігіп үлгердік. Үстіндегі корсетті мастеріміз ұйықтамастан жасап шықты. Садраддинді заманауи батыр ретінде көрсеткіміз келді. Оны жаңа стильде көру көпшілікке ұнаса, кейбіріне ұнамай жатыр. Өзіме қатты ұнады", - деді дизайнер.

Оның айтуынша, образды жасаудағы негізгі мақсат - дәстүрлі батыр бейнесін сол күйінде қайталау емес, оны заманауи сахналық сәнмен үйлестіріп, жаңаша интерпретация ұсыну болған.

Әншінің образы жарияланғаннан кейін желі қолданушылары екіге бөлінді. Бірі Садраддиннің эксперименттен қорықпай, сахналық стилін өзгерткенін қолдаса, енді бірі киімнің жекелеген элементтерін сынға алды.