Астанада ет жегісі келген 31 адам алданып қалды

Фото: Inform.kz

Елордада сүрленген ет сатуды желеу етіп, алаяқтық жасаған кәсіпкер сотталды, деп хабарлайды Astana TV.

Бас прокуратура ақпаратынша, кәсіпкер Instagram және WhatsApp арқылы жылқының сүр етін арзан бағада ұсынып, азаматтардан алдын ала төлем алған. Сондай-ақ бұрынғы орындалған тапсырыстар мен оң пікірлерді пайдаланған. Ал түскен ақшаны жеке қажеттілігіне жұмсаған.

Кәсіпкердің әрекетінен 31 адам зардап шегіп, жалпы сомасы 1,7 млн теңгеден асатын материалдық залал келтірілген.

Сотта оның кінәсін толық дәлелденді. Залалдың өтелгені ескеріліп, сот кәсіпкерге 2 жыл 8 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, пробациялық бақылау белгіледі.