Баянауылда ауыл тұрғындары түтінге тұншығып отыр

Баянауылда бүтін бір ауыл  түтінге тұншығып отыр. Шөптікөл елдімекені ескі көмір кенішінің жанында орналасқан. 40 жылға жуық қараусыз жатқан кеніштің асты қып қызыл шоқ болып жанып жатыр. Көмірден шыққан улы түтін ауылды басқан. Қолқаны қабатын жағымсыз иіске шыдау мүмкін емес. Тұрғындар мәселесін айтып, талай табалдырықты тоздырған. Алайда, одан еш әрекет шықпапты.  Ауылдағы ағайынның жанайқайын тілшіміз Өзгеріс Қуанар тыңдап келді.

ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:

Бұл – Шөптікөл ауылындағы ескі көмір кеніші. Ауылдың дәл іргесінде орналасқан. Күндіз түні осылай бықсып жатады. Ауыл халқы осы көк түтінмен демалуға мәжбүр.

Кеніштің жабылғанына 40 жылға жақындаған. Алайда, осы уақытқа дейін ашық тұрған кеніш жабылмапты. Соның салдарын  тұрғындар тартып келеді. 

ТӨЛЕГЕН САДУАҚАСОВ, ШӨПТІКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Күн тымық күні ауыл осындай болып тұрады. Осындай көк түтін ауылдың іші. Далаға от жағып жатқан сияқты болады. Осымен демаламыз біз. Сосын ауруға шалынбағанда не болады ол. Өкпенің ауруы осыдан келмей ме түгелі. Түгел ауру осы көк түтіннен келеді. Угарный газ дейді бұның аты. Өздеріңіз міне, көріп тұрсыздар жанған нәрсені.

Көмір кенішіне жаңбыр жауып, су тисе,  тіпті бықсып, қып- қызыл шоққа айналадыған. Қазір де өздігінен жанып жатыр. Тұрғындар оны сөндіру үшін кенішті толық жауып тастау керек дейді.  

ТӨЛЕГЕН САДУАҚАСОВ, ШӨПТІКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Сумен сөнбейді бұл. Мынандай инертный грунт дейді сонымен жауып жауып, сонымен сөндіреді. Тұншықтырып тастайды. Тұрншықтырған сайын үстінен машина жүреді ғой. Басылады, сосын қысылып сөніп қалатыны сол. Ал былай ешқашан сөнбейді.

Ауыл айналасында көмір кеніші көп. Майкөбе көмір кенішіне келетін жүздеген жүк көлік те осы маңнан өтеді. Жұрт ақ шаңға көміліп отыр.

ҚАЙЫРБЕК АХМЕТОВ, ШӨПТІКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Түтін күн сайын болады. Әсіресе, таңертең тұрған кезде ауылдың ішінде түтін басып тұрады. Үйдің ішіне дейін түтін кіреді. Тамақтың бетін жауып, сондай сақтықпен отырамыз. Шаңның астындамыз. Осындай жағдайдамыз. Жаңа Қазақстанның програмасы бойынша біздерді көшіреді деген үміттеміз.

Түтінге тұншыққан ауылдың мәселесінен аудан әкімі де хабардар.

АРДАҚ КІСЕНТАЕВ, БАЯНАУЫЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:

Ашық түтіпдеп, жанып жатқан дерлерді жабу бойынша біз талап қойдық. Ол талап Майкөбе кенішіне жеткізілді. Біз заңды тұлға ретінде өзіміз арнайы хат жаздық. Рекультивация бойынша жұмыс жасап жатыр Майкөбе кеніші. Негізі ол жерде Совет одағының кезінде сондай бір шешім қабылданып, ол жер толық жабылу керек еді. Рекультивация жасалуы керек еді. Сол бойынша біздің де қазір талабымыз сол. Рекультивация жасалсын деп отырмыз.

Экология департаменті тұрғындардың шағымы бойынша тексеру жүргізген. Нәтижесінде көмір кенішінін уақытылы сөндірмегені үшін кәсіпорынға  500 АЕК көлемінде айыппұл салған.