Шекарада қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Денсаулық сақтау министрлігі Ресей Федерациясының Иркутск облысындағыт оба қаупіне байланысты эпидемиологиялық ахуалды бақылауда ұстап отыр. Еуропа елдері және АҚШ та жағдайды назарға алған.
"Өкпе обасын қоздырғыш бар құтыны қолынан түсіріп алған зертхана қызметкері қаза болды". Бұл хабарлама бүкіл әлемді дүрліктірді. 28 жастағы Дария Шипилова пневмония күдігімен ауруханаға жатқызылғанымен, 2-і қазанда көз жұмған. Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі жағдайды бақылап отыр. Мамандардың алдын ала бағалауы бойынша, инфекцияның елге келу қаупі төмен.
ҚР ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ МИНИСТРЛІГІ:
Қазақстанда жағдай тұрақты бақылауда, алдын алу сипатындағы қажетті шаралар қабылданды. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу пункттерінде санитариялық-карантиндік бақылау жүргізілуде. Көліктің барлық түрлерінде дене қызуы жоғарылаған, ауру белгілері немесе аса қауіпті инфекцияға күдігі бар адамдар анықталған жоқ. Алдын ала бағалау бойынша, инфекцияның Қазақстанға әкеліну қаупі төмен деңгейде қалып отыр. Жағдайға баға беру және қабылданып жатқан шаралар ресми ақпараттың түсуіне қарай нақтыланатын болады.
Ресейлік басылымдар оба тарады деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын айтуда. Ал, әйелдің өлімін пневмонияның дер кезінде емделмегенімен байланыстырып отыр.
РФ ИРКУТСК ОБЛЫСТЫҚ ТҰТЫНУШЫЛАР ҚҰҚЫҒЫН ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТІ:
Иркутск облыстық санитарлық басқарма 197 адамның барлығын оқшаулағанын хабарлайды. Дегенмен, оларда ауру белгілері байқалмады. Шелехов аудандық ауруханасында қажетті эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде. 28 жастағы әйелдің қайтыс болу себебі этиологиясы анықталмаған пневмония ретінде сипатталуда.
Айта кетейік, Ресейде оба соңғы рет 2016 жылы тіркелген. Әлем бойынша, аса қауіпті инфекция Африка елдерінде жиі тіркеледі. Соңғы 10 жылда негізінен екі ел Конго Демократиялық Республикасы мен Мадагаскарда 3847 адам індет жұқтырып, 423-і қаза тапқан.