Қарағандыда бес қабатты үй өртеніп, тұрғындар эвакуацияланды

Фото: gov.kz

Қарағанды қаласының 22-шағынауданында бес қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің 5-қабатындағы пәтерде өрт шықты, деп хабарлайды Astana TV.

Алдын ала мәлімет бойынша, розеткада қысқа тұйықталу болып, соның салдарынан интернет-модемнің кабелі жанған. Өрт үйдегі заттарға таралып, шамамен 4 шаршы метр аумақты қамтыған.

Оқиға кезінде пәтер иелері үйде болмаған. Подъездегі көршілер түтіннің иісін сезіп, дереу құтқарушыларды шақырған.

ТЖД қызметкерлері подъездегі пәтерлерден 8 адамды баспалдақ арқылы эвакуациялады. Сонымен қатар, өрт шыққан пәтерден газ баллоны сыртқа шығарылды.

 Өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.