Астанада автотұрақтағы 5 көлік өртке оранды

Фото: ТЖМ

Өрттің шығу себебі анықталып жатыр

Елордалық құтқарушылар жеңіл көліктердің жануын сөндірді, деп хабарлайды Astana TV.

Астананың Сарайшық ауданында, А. Байтұрсынұлы көшесінде тұрғын үй кешенінің жанындағы автотұрақта бес жеңіл автокөлік өртенді.

Құтқарушылардың алғашқы бөлімшелері оқиға орнына жеткен кезде, көліктердің барлығы ашық жалынмен жанып жатқан. Қатты желдің салдарынан жалын бір-біріне жақын тұрған көліктерге тез тараған.

Оқиға орнына өрт сөндірушілер 7 минут ішінде жетіп, өртті жедел түрде сөндірді. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.

Қатты жел кезінде оттың таралуы өте жылдам болуы мүмкін. Өрт белгілерін байқасаңыз, дереу 112 нөміріне хабарласыңыз.