Жамбылда 10 сынып оқушысы көз жұмды: күдікті кім?

  • AstanaTV
  • 06 қазан 2026

Жамбыл облысында әлімжеттік салдарынан 10 сынып оқушысы көз жұмды. Жоғарғы сыныптағылар  өзінен төмен оқитындарды ауыл шетіне жинап, ұрып соққан көрінеді. 15-тегі жасөспірім көкірегіне тиген соққыдан дем жетпей, жедел жәрдем жеткенше есін жимастан жан тапсырған. Өзінен кіші балаларға қол жұмсаған жеткіншек ұсталып, қамауға алынды. Ал баласынан айрылған ата-ана тергеудің әділ жүруін талап етіп отыр. 

Қанды қылмыс Байзақ ауданы Ботамойнақ ауылында болған. Қара жамылған отбасы ұлын бір күн бұрын  арулап жер қойнына тапсырды.

БЕРІК ЖҰМАБАЙ, ТІЛШІ:

Ауыл жастары мына ойын алаңында кешкісін жиналып доп теуіп жатқан. Сол сәтте жоғарғы сыныптың оқушылары жастарды мына қуысқа жинап, қаз-қатар тізіп ұра бастаған. Соңында тұрған Мияттың кеуде ұсынан тиген соққыдан ол есінен танып қалыпты. Қатарластары бетіне су сеуіп есін жинатпақ болған. Ол көмектеспеген соң жедел жәрдем шақырыпты. Алайда марқұм жедел жәрдем жеткенше көз жұмған.

АЙГҮЛ АБЗАЛИЕВА, МАРҚҰМНЫҢ АНАСЫ:

Барсам балам сұласынан жатыр. Үстін жауып тастаған ақ немен. Сөйтіп аштым да простынясын, бетінен, маңдайын сүйіп балам тұршы-тұршы не болды алдамашы өтірік істеп жатсың ғой десем не қылмайды. Скорыйдағы кісі айтты жарты сағат бұрын қайтыс болып кеткен деді.

ЕРТАЙ ҚОНЫСБАЕВ, МАРҚҰМНЫҢ ӘКЕСІ:

Оларды 6-ма, 7-ма балдарды тұрғызып қойған қатарынан. Бәрін ұрған ұрған здоровый жігіттер ғой құламаған. Ең соңында менің балам тұрған. Көкіректен ұрған кезде артқа құлаған. Бұл талып қалды ма деп көршінің үйінен су әкеліп су шашқан. Отырғызған тұрғызған оянбаған ол бала. Стадионда құлап қалды деп скорый шақырғанда өздері қашып кеткен.

Әлімжеттіктің құрбаны болды деген ана ұлының момын әрі оқуға құштар болғанын  айтып көз жасын тия алмай отыр.  Қайғыдан қан жұтқан отбасына ауыл ақсақалдары араға адам салып күнде кешірім беруін сұрап келіп жатқан көрінеді. Полиция оқиға орнында болған барлық баладан жауап алып жатыр. 11 сынып оқитын басты күдікті қамауға алынған. 

ҚҰРАЛАЙ ӨСКЕНБЕКОВА, БАЙЗАҚ АУДАНДЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

Білім беру мекемелерінде осы жанжалдың алдын-алу бойынша профилактикалық жұмыстар ұйымдастырылуда. Түнгі және күндізгі рейдттік шаралары, ата-аналармен жиналыс, жоғары сынып оқушыларымен жеке-жеке сөйлесу сынып сағатын өткізу тұрақты бақылауда.

Байзақ ауданында бұған дейін де әлімжеттік салдарынан жасөспірім қаза тапқан. Екі жыл бұрын мектеп ауласында 8 сынып оқушысы соққыдан көз жұмды. Онда да 9 сынып оқушысы төменгі кластағыларға күш көрсеткен. Сондықтан тұрғындар жастар арасында криминалды үрдістің алдын алмай, қайғылы жағдай азаймайтынын айтып дабыл қағады.