Қазақстан мен Оман арасында тікелей әуе рейсі ашылады. Мұндай уағдаластыққа Сұлтан Хайсам бен Тариқ Әл Саидтің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында қол жеткізілді. Екі ел арасында 35 жылға жуық дипломатиялық қарым-қатынас орнаса да, сұлтандық басшысының бұл елімізге алғаш келуі. Тараптар тағы қандай келісімдерге қол қойды? Тілші Айсәуле Съезбек тізбектесін.
АЙСӘУЛЕ СЪЕЗБЕК, ТІЛШІ:
Мемлекет басшысы Оман сұлтаны Хайсам бен Тариқ Әл Саидпен екі ел делегаттарына беттеп, жеке-жеке амандасты. Әдеттегідей мәртебелі мейманды қарсы алу рәсімі мемлекеттік сапар протоколына сай салтанатпен өткізілуде. Құрмет қарауылы, президент оркесторы өз міндеттерін мүлтіксіз атқарып жатыр. Тәуелсіздік сарайында кезекпен екі елдің әнұраны шырқалады.
Оман – Қазақстанның Араб түбегіндегі сенімді серіктесі. Екі елдің дипломатиялық мәміле жасағанына келер жылы 35 жыл толады. Абсолютті монархиялық билігі бар елдің экономикасы мұнай экспортына негізделген. Тараптар ынтымақтастықтың жаңа кезеңін энергетика, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы мен ақпараттық технологиялар саласында өрбітпек.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Аса мәртебелі Сұлтан, елімізге алғаш рет мемлекеттік сапармен келген Сізді қарсы алу – мен үшін үлкен мәртебе. Мұның тарихи мәні ерекше екеніне сенімдімін. Өйткені бұл елдеріміз арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты жандандырып, жаңа деңгейге көтеруге жол ашады. Бұған дейін атап өткендей, өзара ықпалдастықтың әлеуеті мол. Мұны толығымен іске асыру қажет.
Қос елдің бауырлас халқы бір-біріне қонақтап, мәдени байланысты нығайтуға бейіл. Сондықтан туризмді дамыту үшін арада тікелей әуе рейсі ашылмақ.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қазақстандықтар еліңізге ерекше құрметпен қарайды. Оманға саяхаттап барған азаматтарымыздың қатары қалың. Алайда Маскатты, Оманның басқа да қалаларын көрмеген отандастарымыз бар. Елдеріміз арасында қосымша тікелей коммерциялық әуе рейстері ашылса, барыс-келіс әлдеқайда жандана түсері сөзсіз.
Қазақстан Азия мен Еуропаны жалғайтын жаһандық сауда дәлізі бойында стратегиялық тұрғыдан ұтымды орналасқан. Ал Оманның Үнді мұхиты, Азия және Африка елдеріне төте шығатын теңіз порттары арқылы сауда жасау біздің ел үшін зор мүмкіндік. Кеңейтілген құрамдағы келіссөз барысында Оман Сұлтаны Қазақстанды инвестиция салуға айтарлықтай әлеуетті ел деп санайтынын жеткізді.
ХАЙСАМ БЕН ТАРИҚ ӘЛ САИД, ОМАН СҰЛТАНЫ:
Бір-бірін толықтыратын осы артықшылықтарымыз екі елдің өсіп-өркендеуіне ықпал етіп, пайдаға кенелтері анық. Сондықтан көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде Оман порттары арқылы сауда дәліздерін бірлесе дамытуға және елдеріміздің арасындағы әуе қатынасын жандандыруға ниеттіміз.
Президент Оман Сұлтанының түрлі тарап арасындағы дәнекерлігін, халықаралық аренадағы салмағын ерекше атап өтті. Ешкімге бұра тартпайтын мәмілегер тұлғаға достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін «Алтын Қыран» орденін табыстады. Ал Хайсам бен Тариқ Әл Саид Қасым-Жомарт Тоқаевты Оман Сұлтандығының ең жоғары мемлекеттік наградасы – Әл Саид орденімен марапаттады.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар Бірлескен мәлімдеме жасады. Президент ортақ жобалардың іске асырылуын оң бағалады. Олардың қатарында «Доңға» мұнай кен орнын игеру, Solidcore Resources компаниясы, Oman Investment Authority бірлескен инвестициялық қоры, сондай-ақ қонақ үй және шипажай инфрақұрылымын дамыту жобалары бар. Қасым-Жомарт Тоқаев қол жеткізген келісімдер бауырлас халықтарға айтарлықтай пайда әкелетініне сенім білдірді.