Жасанды Интеллект төрт түлікті санап, күйін бақылайды

Енді мемлекеттік қызметшілердің жүктемесі 30 пайызға төмендейді. Ауылдар мен шаруа қожалықтарында мал санау және олардың күйін  бақылау үшін «Төрт түлік» қосымшасы әзірленді. Шағын кәсіпкерлерге мемлекеттік тексерістер азаймақ. Бұның барлығы Жасанды Интеллект арқылы жүзеге асырылады. Ең бастысы, «Эй-Ай» салық көлемін де есептеп, шағын кәсіпкерлердің де, кірістер комитетінің де уақытын үнемдейді. Үкіметте қаралған жаңашылдықтар туралы Еркелді Тілеуқұл баяндайды.

«ChatGPT» орнына «EgovGPT». Енді қазақстандықтардың мемлекеттік қызметке қол жеткізуі тіпті жеңіл болады. Азаматтарға арналған үкімет ішінде Жасанды Интеллект толығымен енгізіліп, 150 қызмет түрі орнатылады. Ең бастысы, мемлекеттік қызметшілердің жүктемесі 30 пайызға азаяды. Жоғары Оқу Орындары қол жеткізген суперкомьютерді барлық құзырлы органдар да пайдалана алады.

ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ – ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЦИФРЛЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

Осы құралдарды кеңінен қолдану күнделікті қайталанатын операцияларды автоматтандыруға мүмкіндік береді. 2029-ы жылға қарай ведомствоаралық өзара іс-қимыл мерзімдері екі есе қысқарып, мемлекеттік қызметшілердің операциялық жүктемесі 30% деңгейіне дейін төмендеуі тиіс.

Жасанды Интеллект еліміздегі 40-млнға жуық малды есепке алып үлгерді. Оның 9,3 млны – ірі қара, 24,5 млн – ұсақ мал және 5млнға жуық жылқы бар. Ол үшін бірыңғай Республикалық есептеу жүйесі енгізілді.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, ҚР АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ МИНИСТРІ:

Бұдан бөлек, жануарлар иелеріне арналған «Төрт түлік» мобильді қосымшасы жұмыс істейді.Жалпы, мал шаруашылығындағы цифрландыру жұмыстары толық қадағалауды қамтамасыз етуге, мал басының бірыңғай есебін жүргізуге және фермерлер мен ветеринариялық мамандардың жұмысын жеңілдетуге бағытталған.

Жасанды Интеллектінің арқасында 2 жылдан кейін көлеңкелі экономика деңгейі 14 пайызға төмендейді. Бірақ, адал салық төлеушілерге мемлекеттік тексеріс 2 есе азаймақ. Ал, шағын және орта бизнес пен мемлекет арасындағы өзара жұмыстың 80 пайызы дәл осы «Эй-Ай» арқылы жүзеге асырылады.

МӘДИ ТӘКИЕВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІ:

Шағын және орта бизнеске арналған жеңілдетілген есептілік үлгілерімен жалақыдан ұсталатын салықтарды автоматтандыру іске қосылуда. Бұл цифрлық шешімдер, eGov, Бірыңғай жеке кабинеті және екінші деңгейдегі банктер арқылы кеңінен таратылуда. Негізгі мақсат — салық төлеушінің күрделі есептіліктен босату.Мемлекет қажетті деректерді өзі қалыптастырып, кәсіпкерге оларды тек растау мүмкіндігін беру көзделуде. Болашақта «бір батырма» арқылы есеп беруге көшу.

Энергетика министрлігі де жылына қосымша 23 млрд теңге пайда көруді жоспарлап отыр. Ол үшін энергия ресурстарының шығынын 90 пайызға, ал өндірістік оқиғалар санын 78 пайызға азайту жоспарланған. Алайда, Үкімет басшысы, салада әлі шашыраңқылық басым екенін  айтты.

ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Энергетика саласында энергия жүйесін цифрландыру деңгейі әлі де жеткіліксіз. Оны толассыз телеметрияның, интеграцияланған деректер мен талдау құралдардың жоқтығынан байқауға болады. Жаңа жобалар осы мәселені шешуге бағытталған. Энергия жүйесі болжамды цифрлық алгоритмдер негізінде басқару қағидатына көшуге тиіс.

Үкімет басшысы, өзге министрліктерді де мақтай қойған жоқ. Қазіргі жұмыс қарқынын одан сайын үдету керек деп тапсырма берді. Әсіресе, Жасанды Интеллект және Цифрлық даму министрлігіне жүктелген міндет жеткілікті.

ЕРКЕЛДІ ТІЛЕУҚҰЛ, ТІЛШІ:

Жасанды Интеллектті дамытады екен деп, ол барлық салаға енгізілгенін пайдаланып, ақшаны жөнсіз шашуға жол берілмейді. Оған салалық ведомство басшылары тікелей жауапты. Үкімет басшысы еш жаңашылдығы жоқ бірін-бірі қайталайтын цифрлық шешімдерге бюджеттік қаржының таратылмауын өзі қадағалайтынын жеткізді. Саны бар, сапасы жоқ қосымшалардан бас тартатын уақыт келді,-дейді Олжас Бектенов.