ДДСҰ Ресейдегі індет қаупін төмен деп бағалады

Фото: pixabay

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Ресейдің Иркутск қаласында қауіпті инфекцияның таралу белгілері анықталмағанын хабарлады

Ресей билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына Иркутск қаласында оба ауруының бірде-бір жағдайы тіркелмегенін хабарлады.  Осыған дейін карантинге орналастырылған азаматтардың басым бөлігі үйлеріне жіберілген, деп хабарлайды Astana TV. 

ДДСҰ өкілі Кристиан Линдмайер Женевада өткен брифингте Ресей Федерациясы берген ресми жауапты жария етті. Оның айтуынша, қауіпті індеттен қайтыс болған адаммен қарым-қатынаста болғандардың барлығы толық анықталып, медициналық бақылауға алынған. Барлық тексерілген азаматтардан аурудың клиникалық белгілері анықталған жоқ.

Халықаралық ұйым Иркутск өңірі үшін тәуекел деңгейін орташадан төменге дейін, ал Ресейдің өзге аумағы үшін төмен деп бағалап отыр. Еуропа елдері үшін бұл қауіп тіпті өте төмен дәрежеде деп танылды. Сонымен қатар Роспотребнадзор да соңғы он күнде обаға қарсы институт қызметкерлері арасында жұқпалы аурулардың тіркелмегенін мәлімдеді.

Арнайы жүргізілген кеңейтілген зертханалық сараптамалар қайтыс болған әйелдің ағзасынан оның кәсіби қызметіне қатысты микроорганизмдерді тапқан жоқ. Марқұммен байланыста болғандарды күнделікті тексеру барысында тек екі адамнан COVID-19 және екі азаматтан риновирустық инфекция анықталды. Ведомство мамандары басқа да қауіпті қоздырғыштардың жоқтығын ресми түрде растады.