Англияға жұмысқа жіберемін деп жұртты алдаған блогер сотталды

Фото: IQ planet

Көкшетауда әлеуметтік желі арқылы Англияға виза мен жұмыс уәде етіп, 92 адамнан 70 миллион теңгеге жуық қаржы жинаған жеке кәсіпкер сотталды

Көкшетау қалалық сотында ақпараттық жүйелерді және Интернет желісін пайдалану арқылы аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған тұрғын Б.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды Astana TV.

Сот анықтағандай, сотталушы 2024 жылдан бастап өзін әлеуметтік желілерде блогер ретінде таныстырып, азаматтарға шетелде жұмысқа орналасу үшін құжаттарды рәсімдеу қызметін ұсынған. Ол тұрғындарға Англияға виза мен медициналық сақтандыруды дайындап беруге уәде беріп, шарт жасасқан.

Кәсіпкер әрбір жүгінген адамнан 250 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін ақша алып, жалған құжаттар ұсынған. Қаражатты иемденген соң ол өз міндеттерін орындамай, қоңырауларға жауап бермей, кездесулерден қашып жүрген.

Заңсыз әрекеттердің салдарынан Көкшетау, Астана, Қарағанды қалалары мен бірнеше облыс тұрғындарын қосқанда 92 азамат зардап шекті. Кінәлінің кесірінен жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 70 миллион теңгені құрады.

Азаматша Б.-ның кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, банктік көшірмелермен және істің басқа да заттай айғақтарымен толық дәлелденді. Сот шешімімен ол 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырылып, коммерциялық қызметпен айналысу құқығынан 5 жылға шектелді.

Сондай-ақ сотталған азаматшаның асырауында екі кәмелетке толмаған баласы болуына байланысты жазаны өтеу мерзімі 1 жылға кейінге қалдырылды. Жәбірленушілердің пайдасына келтірілген материалдық шығынды өндіру туралы талаптары қанағаттандырылды.