Астанада Вице-Президент Ерлан Қариннің төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хатшылығының XXIV отырысы өтті. Диалог алаңына 20 елдің 30-дан астам беделді өкілі жиналды. Ерлан Қарин өз сөзінде бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық келісім сияқты конституциялық құндылықтар Қазақстанның даму бағдарын айқындайтын маңызды қағидаттар екенін атап өтті. Әрі бұл Съездің миссиясымен де толық үндеседі деді. Вице-Президент Мемлекет басшысының Жаһандық бейбітшілік қозғалысын қалыптастыру жөніндегі бастамасына да арнайы тоқталды. Ең бастысы, былтыр Астана бейбітшілік декларациясын дамыту мақсатында әзірленген екі халықаралық құжат қабылданды. Яғни, күн тәртібінде «Жасанды интеллектіні дін саласында пайдаланудың этикалық кодексі және «Діндердің климат өзгерісіне қарсы күрестегі рөлі» сөз болды. Сондай-ақ «Айықпас дертке шалдыққан балалардың құқықтары жөніндегі хартия» таныстырылды. Отырыс аясында вице-президент бірқатар екіжақты кездесулер өткізіп, өзара іс-қимылдың әлеуетін талқылады.