Қазақстанда өнер иелеріне арналған жаңа мемлекеттік марапаттар енгізілмек

  • AstanaTV
  • 07 қазан 2026

Қазақ әуенін әлемге танытқан Шәмшінің өшпес есімі мен суретке жан бітірген қылқалам саңлақтарының қолтаңбасы енді мемлекеттік деңгейде ұлықталмақ.  Құрылтай депутаттары «Мемлекеттік наградалар туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Енді төл музыкамыздың мәртебесін асырған өнер иелері «Шәмші Қалдаяқов» медалін кеудесіне тақса, бейнелеу өнеріне өшпес із қалдырған дарындар «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» деген мәртебелі атақпен ардақталмақ.

АЯУЛЫМ ИЗАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

Расында да, ел руханиятына жан-тәнімен қызмет етіп жүрген тұлғалардың еңбегін бағалау - кезек күттірмес мәселе. Президенттің тікелей тапсырмасымен қолға алынған жаңа заң жобасы - соның айқын дәлелі. Құжатқа сәйкес, «Шәмші Қалдаяқов» медалі тек әншілерге емес, композиторлар, дирижерлар, ән авторларына да берілмек. Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген суретшісі» атағы бұрын марапат алған мүсіншілер мен қылқалам шеберлерінің еңбегін ұлықтауға арналған.

Өнердің ғұмыры марапатпен өлшенбесе керек. Бірақ ұлттық мәдениеттің өрісін кеңейткендерді мадақтау - кейінгі ұрпаққа  өнеге.

ЛӘЗЗАТ ЖЫЛҚЫБАЕВА, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, "ӘДІЛЕТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Елдің басты байлығы - өз ісіне адал, қоғам мен мемлекет дамуына еңбегімен үлес қосатын азаматтар. Сондықтан қоғамға пайдалы еңбек мемлекет тарапынан лайықты бағалануға тиіс. Ұлттық мәдениет пен өнерге адал қызмет еткен азаматтардың еңбегін мемлекеттік деңгейде мойындау – олардың шығармашылығына құрмет қана емес, қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық құндылықтарын нығайтудың маңызды тетігі.

Құрылтай депутаттары бүгін тағы бір маңызды бастаманы қолдады. Енді Құрылтай жанынан Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылады. Атауының өзі айтып тұрғандай, жаңа кеңес орталық пен өңір арасындағы байланысты бекемдеуге тиіс. Өйткені заңның қағаздағы мәтіні мен оның жергілікті жерде жүзеге асуы - екі бөлек мәселе. Осы арадағы байланысты күшейту - кеңестің негізгі міндеттерінің бірі. Кеңес мәслихаттардың заң жобаларын әзірлеуге қатысуына мүмкіндік беріп, қабылданған заңдардың өңірлерде қалай жүзеге асып жатқанын зерделейді. Жергілікті жердегі өзекті мәселелер жинақталып, оларды шешуге қатысты ұсыныстар әзірленеді.

ӘМІРБЕК ОСПАНБЕКОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, "ӘДІЛЕТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Оның құрамына мәслихаттарда жұмыс істеген немесе олармен өзара іс-қимыл тәжірибесі бар Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің депутаттары, саяси партиялар мен мемлекеттік органдардың өкілдері, сондай-ақ облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен Астана мәслихаттарының төрағалары кіреді.

Демек, аймақтардағы тиімді тәжірибелерді зерттеп, оларды басқа тараптарға тарату да кеңестің негізгі міндеттерінің бірі болады. Заң мен оның нәтижесі арасындағы алшақтық азайған сайын халықтың да ұсынысы мен талабы ескерілетін тетіктер көбеймек.