Биыл есірткі қылмысы үшін 59 жасөспірім сотталған - депутат

  • AstanaTV
  • 07 қазан 2026

Биыл есірткі қылмысы үшін 59 жасөспірім сотталған.  Жастардың  есірткі тасымалы мен дропперлікке тартылуы  қоғамды алаңдатады. Жеңіл ақшаға қызыққандар  банк шотын бөтен адамға береді немесе заңсыз зат тасымалдайды. "Әділет" фракциясының мүшесі, депутат Дидарбек Ділдәбек бұл мәселені Құрылтайда көтеріп,  оқу орындарындағы профилактиканы күшейту, жастардың шоттарын қорғау және әлеуметтік қолдауды арттыру бойынша ұсыныстар айтты. 

Жеңіл ақша, әлеуметтік желідегі жасырын жарнама, банк картасын сыйақыға беру. Қазір жастарды теріс әдетке тартудың жолы көп. Әрине, оның соңы қылмыстық жауапкершілікке ғана емес, адамның өмірін түбегейлі өзгертуі мүмкін. Азамат та есірткіге тәуелділердің бірі болған. Қазір оңалту орталығында емделіп жатыр. 

АЗАМАТ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Интернетке доступ жоқ. Телефонға доступ жоқ. Есірткі ала алмаймын. Телефоныммен. Магазинге барып, алкаголь ала алмаймын. Ставка қоя алмаймын. Осы жерде безопасная зона. Бірақ шыққаннан кейін, осы бүкіл заттарға доступ бар. Өйткені адамдарда телефон бар ғой. Бізде мысалы есірткіні сатып алу үшін тек телефон керек. Басқа ештеңе керек жоқ.

Есірткіге сұраныс артқан сайын, оны заңсыз таратушылардың да қатары көбейген.  Оңай олжаға қызыққандардың кейбірі қылмыстық жолға түсіп, бүгінде темір тордың ар жағында отыр. Ең алаңдатарлығы- есірткі бизнесіне жастардың жиі тартылуы.

ӘЛИЯ ҚИБАТҚЫЗЫ, ҚАЛАЛЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ЕСІРТКІ ҚЫЛМЫСЫНА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСТЫҒЫ:

Осыдан он жыл бұрын есірткі заттарын қырық-елуден асқан азаматтар мен азаматшалар сатып, немесе оны пайдаланған болса, қазір бұл қылмыс түріне өкінішке орай, жастарды баулуымен айналысады. Ол 18-25 жастағы жігіттер мен қыздар.

Бір сәттік қызығушылықтың соңы тәуелділікке ұласуы мүмкін. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, былтыр заңсыз айналымнан 49 тоннаға жуық есірткі тәркіленген. Оның 1,5 тоннаға жуығы - синтетикалық есірткі. Бұл - шамамен 4,5 миллион бір реттік дозаға тең.

АНДРЕЙ АНДРЕЕВ, НАРКОҚЫЛМЫСТЫҢ АЛДЫН АЛУ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕС МҮШЕСІ:

Есірткі саудасымен айналысатындар жастарды әртүрлі жолмен қылмыстық әрекетке тартуға тырысады. Себебі жастардың алдануға бейімділігі жоғары әрі оларға көп ақша табуды уәде етіп, жұмысқа тарту оңайырақ. Дропперлерге қатысты жағдай да осыған ұқсас. Жастар ешқандай жауапкершілікке тартылмаймыз деп ойлап, белгілі бір қызмет көрсетеміз деген ниетпен жеке деректерін, банк карталары мен қосымшалары туралы мәліметтерді ұсынады. Соның салдарынан олар қылмыстық схемаға қалай қосылғанын білмей жатады.

Иә, жастар заңсыз қаржы айналымына да тартылады. Қаржылық мониторинг агенттігінің дерегінше, жыл басынан бері қылмыстық кірістерді жылыстатумен айналысқан 33 дропперлік топтың қызметі тоқтатылған. Олардың шоттары арқылы 112 миллиард теңгеден астам заңсыз операция жүргізілген.

ДИДАРБЕК ДІЛДӘБЕК, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің деректеріне сәйкес 2026 жылғы маусымның басына қарай дропперлікке қатысты өндірісі аяқталған істерде күдікті ретінде өткен 214 адамның 159-ы — 18 бен 29 жас аралығындағы азаматтар. Ал 140 адам құқық бұзушылық жасалған кезде жұмыссыз болған. Бұл алдын алу шараларын жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдаумен ұштастыру қажеттігін көрсетеді.

Депутат жастарды есірткі және дропперлік қылмыстардан қорғауға бағытталған бірқатар ұсыныс  жасады. Оның ішінде бірінші курс студенттерімен профилактикалық жұмысты күшейту, банк шоттарын заңсыз пайдаланудан қорғау және күмәнді операцияларды ерте анықтау тетіктері бар. Жауаптылар бұл бағыттағы жұмысты сан саланы қамту арқылы күшейтуді көздейді.