Қызылордада «Анаға тағзым» ІІІ республикалық форумы өтті

Ұлттық тәрбиені замануи технологиялармен ұштастырудың маңызы зор. Бұл орайда әйел адамның рөлі ерекше. Себебі ана білімді, сауатты болса, бала да уақыт ағынынан тыс қалмайды. Бұл туралы Қызылордада өткен «Анаға тағзым» ІІІ республикалық форумында айтылды. 

Дәстүрге айналған басқосу биыл «Ана бренді: цифрлық дәуірдегі тәрбие коды» тақырыбында өтті. Жиналғандар отбасы институтын нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, оның қоғамдағы кәсіби рөлі, денсаулық сақтау бағытында сөз қозғады.

МҰРАТ ЕРГЕШБАЕВ, ОБЛЫС ӘКІМІ:

Президентіміз айтқандай бұл жаһандық өзгерістер жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа міндеттерді жүктейді. Осындай кезеңде қоғам мен отбасындағы ананың рөлі бұрынғыдан да маңызды әрі жауапты бола түсуде. Цифрлық дәуірде ұрпаққа заман талабына сай білім мен тәрбиені қатар беру басты міндетіміз.

Аймақта ана мәртебесін арттыру мен ұлттық тәрбиені дәріптеуге бағытталған бастамаларды «Анаға тағзым» орталағы үйлестіріп отыр. Бұл тәжірибені өзге аймақтарда да жүзеге асыру маңызды дейді қатысушылар.

НӘЗИПА ШАНАЙ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ ЖАНЫНДАҒЫ ӘЙЕЛДЕР ІСТЕРІ ЖӘНЕ ОТБАСЫЛЫҚ-ДЕМОГРАФИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖӨНІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ КОМИССИЯ МҮШЕСІ:

Бүгінгі ана педагог, бүгінгі ана психолог, бүгінгі ана ІТ технологияларды білетін, мысалы кибер қауіпсіздікке қарыс тұра алатын ана болу керек. Сондықтан міндет үлкен. Не осы бағытта бүгінгі аналарға көмек керек. Бұл жерде де Қызылорданың тәжірибесін басқа өңірлерге тарату қажеттілігі бар.

Форумның секциялық отырыстары тақырыпты бір қырынан ғана емес,  түрлі бағытта өрбіруге мүмкіндік берді. Әр өңірден келген сарапшылар мен делегаттар өз тәжірибелерімен бөлісті.