Жетісу облысында заңсыз айналымнан 538 келіден астам есірткі тәркіленді

Polisia.kz

Жетісу облысында есірткі қылмысына қарсы жұмыстар жалғасып жатыр, – деп хабарлайды Astana TV.

"Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында полицейлер есірткінің заңсыз айналымына қатысты құқық бұзушылықтарды анықтап, есірткі таратумен айналысқан адамдардың жолын кесуде. Сонымен қатар жабайы қарасора өсетін аумақтар мен заңсыз егістіктер анықталуда. 1 маусым мен 30 қыркүйек аралығында полиция есірткінің заңсыз айналымына қатысты 79 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады.

Заңсыз айналымнан 538 келіден астам есірткі және құрамында есірткі бар өсімдіктер тәркіленді. Оның ішінде 117 келіден астам марихуана, 6 келі синтетикалық есірткі және 6,5 келіден астам гашиш бар. Сонымен қатар аса ірі көлемдегі екі есірткі қылмысының жолы кесілді. Астана қаласында ұсталған азаматтан 3 келіге жуық мефедрон және 600 грамм A-PVP тәркіленді. Ал Талдықорған қаласында полицейлер 6,5 келі гашиш тәркіледі. "Қарасора" іс-шарасы кезінде жабайы қарасора өсетін ірі аумақтар мен заңсыз егістіктерді анықтауға ерекше көңіл бөлінеді. Жету қиын және аумағы үлкен жерлерді тексеру үшін полицейлер әуеден шолу жұмыстарын жүргізеді. Бұл арқылы жер бедері мен алқаптар бақылауға алынып, қосымша тексеруді қажет ететін учаскелер анықталады.

Кейін аталған аумақтарды полиция қызметкерлері жерден тексереді. Мұндай тәсіл үлкен аумақтарды қамтып, заңсыз егістіктерді уақытында анықтауға мүмкіндік береді. Полиция есірткі қылмысының алдын алу және оның заңсыз таралуына жол бермеу бағытындағы жұмыстарды жалғастырады.