Талдықорғанда егде жастағы әйел банкоматтан ақша аудармақ болған. Оны көрген тұрғындар күмәнді жағдайды байқап, полиция шақырған, деп хабарлайды Astana TV.
Талдықорғанда тұрғындар банкомат алдында тұрған егде жастағы әйелді алаяқтың арбауына түсуден сақтап қалуға тырысты. Оқиға кезінде әйел телефон арқылы сөйлескен адамның нұсқауын орындап, ақша аудармақ болған.
Әлеуметтік желілерде тараған видеода әйелдің Kaspi банкоматының жанында тұрғаны көрінеді. Ол видеобайланыс арқылы ер адаммен сөйлесіп, оның айтқан нұсқауларын орындаған.
Жанындағы адамдар әйелге телефонның ар жағындағы адамның алаяқ болуы мүмкін екенін түсіндіруге тырысқан. Алайда өзін оның «баласы» ретінде таныстырған ер адам бұған қарсылық білдіріп, тіпті жанындағы адамдарға агрессивті түрде сөйлеген.
Қандай алаяқ, мама? Мен сенің балаңмын ғой, - деп әйелді сендіруге тырысқан ол айналасындағылардың әрекетіне де наразылық білдірген.
Оқиға куәгерлері видеобайланыстағы ер адамнан жүзін көрсетуін талап еткен. Алайда ол камераға толықтай көрінбеген. Осыдан кейін әйел адамдармен бірге полицияға баруға келіскен.
Әйелдің сөзінен белгілі болғандай, осы уақытқа дейін ол телефонның ар жағындағы адамға3,5 млн теңге аударып үлгерген.
Талдықорған қаласының тұрғынының арызы бойынша алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.
Полиция азаматтарды телефон арқылы бейтаныс адамдардың нұсқауларын орындамауға шақырады. Әсіресе алаяқтар жиі айтатын «қауіпсіз шотқа» ақша аудармау қажет.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені бірден тоқтатып, полицияға 102 нөмірі арқылы хабарласқан жөн.
Мамандар бұған дейін де алаяқтардың өздерін банк қызметкері, құқық қорғау органдарының өкілі немесе жақын туысы ретінде таныстырып, азаматтарды ақша аударуға көндіретінін ескерткен.