БҚО-да алимент төлеуден жалтарған 13 борышкер қылмыстық жауапқа тартылды. Бір азамат қарызын өтеуге мәжбүр болды. Ал жалпы сома қанша?
Батыс Қазақстан облысында алимент төлеуден жалтарған борышкерлерге қатысты шаралар күшейтілді. Биыл прокурорлардың қабылдаған шаралары нәтижесінде 600-ден астам баланың пайдасына 250 млн теңгеден астам алимент өндірілді. Бұл туралы облыстық прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды Astana TV.
Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы Әділет департаментімен және Өңірлік жеке сот орындаушылары палатасымен бірлесіп алимент өндіру бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.
13 борышкер қылмыстық жауаптылыққа тартылды
2026 жылдың өткен кезеңінде алимент төлеуден жалтарған 13 борышкер қылмыстық жауаптылыққа тартылған.
Прокуратура келтірген мысалдардың бірінде «А» азаматы 2024 жылдан бері баласын асырауға тиісті алиментті төлемеген. Алайда осы уақыт аралығында ол бәс тігуге шамамен 4 млн теңге жұмсаған.
Осыған байланысты борышкерге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 139-бабы – алимент төлеу жөніндегі міндеттерді орындаудан жалтару бойынша қылмыстық іс тіркелген.
Қылмыстық іс тергелу барысында азамат 2,6 млн теңге көлеміндегі алимент бойынша берешегін толық өтеген, - делінген БҚО прокуратурасының хабарламасында.
Алимент өндіруге қатысты Call-орталық іске қосылды
Прокуратура мәліметінше, биыл қабылданған шаралардың нәтижесінде 600-ден астам баланың мүддесі үшін 250 млн теңгеден астам алимент өндірілген.
Сонымен қатар сот орындаушылары тарапынан жол берілетін заң бұзушылықтарға жедел ден қою мақсатында облыста тамыз айынан бастап Call-орталық жұмыс істейді.
Алимент өндіру мәселелері бойынша Call-орталықтың телефоны: 8 708 024 89 30.
Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы уәкілетті органдармен бірлесіп алименттердің уақытылы төленуін қамтамасыз ету, борышкерлердің жауаптылығының бұлтартпастығын қамтамасыз ету және әр баланың заңды құқықтарын қалпына келтіру бойынша жұмысты жалғастырады.
Аталған жұмыс «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасының қағидаттарына сәйкес жүзеге асырылып жатыр.