Жамбыл облысының Қордай аудандық ауруханасында 60 жастағы әйел үш жылдан бері жатыр. Ауыр дертке шалдыққан кейуананың жеке басы мен туыстары осы уақытқа дейін анықталмаған, деп хабарлайды Astana TV.
«КТК» мәліметінше, әйелді аурухана алдына біреулер әкеліп тастап кеткен болуы мүмкін. Оның құжаты да, нақты мекенжайы да жоқ. Бұған қоса, бейімдеу орталықтары құжатсыз әйелді қабылдаудан бас тартқан.
Дәрігерлер өздігінен жүріп-тұра алмайтын науқасты ауруханадан шығара алмай отыр. Қазір оған қажетті ем мен күнделікті күтім көрсетілуде.
Әйел біртіндеп сөйлей бастаған. Ол бұған дейін шаруа қожалығында мал баққанын айтқан.
Аурухана бас дәрігерінің орынбасары Назгүл Тобышақованың айтуынша, науқастың туыстары мен жеке мәліметтерін ақпараттық жүйелерден де анықтау мүмкін болмаған. Денсаулығы ауыр болғандықтан, оны ауруханадан шығару әзірге мүмкін емес.