Қазақстан президентінің пайымынша, еріктілердің жұмысы қазір гуманитарлық мәнге ие
Бүгін Орталық Азия және Әзербайжан мемлекеттері басшыларының VIIІ Консультативтік кездесуіне Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ерікті жастардың жұмысына тоқталып, жаңа бастамалар ұсынды, деп жазады Astana TV.
Жалпы, Тоқаевтың пікірінше, волонтерлік қозғалыс гуманитарлық ықпалдастықтың бір бөлігіне айналуы керек. Ерікті жастардың атқарып отырған маңызды жұмыстардың бірі ретінде президент Қазақстандағы тазалық акциясын атап өтті.
«Еліміздің «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық жобасын іске асырудағы тәжірибесін аймақтық деңгейде қолға алуға болады. Бұл бастама жастарды адамгершілік және азаматтық құндылықтарға баулиды. Сондықтан келесі жылы «Орталық Азия – ізгі істер мекені» деген ұранмен волонтерлік мәселесіне қатысты жастар форумын өткізуді ұсынамын», - деді Тоқаев.
Осылайша, осы аймақтағы елдердің ішкі туризмін дамыту арқылы халықаралық ынтымақтастық, елдер арасындағы тарихи және мәдени таныстықты нығайтуға болады.
Аймақтағы ішкі туризмнің дамуы арқылы халықтардың бір-бірімен араласуына, елдеріміздің тарихымен және мәдениетімен танысуға жол ашылды. Біз Орталық Азия мен Әзербайжандағы ауқымды мәдени, ғылыми, спорттық және туристік іс-шараларының бірыңғай күнтізбесін жасауды ұсынамыз. Бұл барыс-келісті арттырып, бірлескен турлар аясында шетелдік туристерді көптеп тартуға мүмкіндік береді. Жоғарыда айтылған ұсыныстар өңірдегі ынтымақтастықтың берік гуманитарлық тұғырын қалыптастырады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.