Павлодар облысында 9 ауыл байланыс аясынан тыс қалған

Павлодар облысында 9 елдімекен байланыс аясынан тыс қалған. Ұядай ғана ауылдар ұялы байланысқа жарымай отыр. Байланыс операторлары халық саны аз екенін айтып, антена орнатуға құлықсыздық танытыпты. Ал қыстың ақ қар, көк мұзында ауырып сырқаған адам жедел жәрдем де шақыра алмайды дейді тұрғындар.

Баянауылдағы Сұлужон ауылында ұялы байланыс жоқ. Елдімекенде 200-ден аса адам бар. Тұрғындар байланысқа шығу үшін тау- тас кезіп кетеді. Алайда, сигналды қуалап тауып алу қиямет қайым.

ҚАРЛЫҒАШ БАГИСОВА, СҰЛУЖОН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Связь жоқ совсем. Не хабарласа алмаймыз. Вай-фай қатты желде бәрін де сөніп қалады. Қарап тұрамыз. Ауыратын кісілер бар. Жай тұрған кісілер бар бәрі қиындық көріп отыр осы ауылда.

Ауылдағы үйлер жеке меншік интернет желісіне қосылған. Алайда, екі күннің бірінде жарық өшіп қалатындықтан, оның өзін пайдалана алмай отыр.

ҚАДЕТ ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ,СҰЛУЖОН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Ауырып, сырқап қалсақ, бірімізбен біріміз хабарласа алмаймыз. Анау отырғанмен, міне жер хабарласа алмаймыз. Интернет жоқ. Қайда дөңге жүгіреміз. Скорый шақыру керек болса, дөң дөңге жүгіріп барып, дыбысты кейде әрең аламыз.

Шөптікөл ауылы да өркениет көшіне ілесе алмай отыр. Мұнда 60 шақты ғана  тұрғын бар. Ұядай ауылда ұялы байланыс жоқ.

ҚАЙЫРБЕК АХМЕТОВ, ШӨПТІКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Біреумен сөйлесетін болсақ, әйнекке немесе осы жерге келіп сөйлесеміз. Байланыс нашар. Байланыс нашар екенін ауданымыздың басшылар бәрі біледі. Өздері келді ғой жаздыгүні. Өздері де соткаларын алып, сөйлесе алмай тұрды.

Баянауылдағы байланысы жоқ ауылдар мәселесінен өңірдің цифрлық технологиялар басқармасы хабардар. Осы мәселені шешу мақсатында  тиісті жұмыстар жүріп жатқанын жеткізді.

РАСУЛ ЖАҒЫПАРОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЦИФРЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ:

Шөптікөл және Сұлужон ауылдарында 2027 жылы интернет қызметтерінде жоғары жылдамдыққа қол жеткізу мақсатында талшықты оптикалық байланыс желілерін салу жоспарланған. Ол жұмыс «Қол жетімді интернет» жалпы ұлттық республикалық бағдарлама бойынша 2027 жылы аяқталуға жоспарланған.

Павлодар облысында 9 ауылда мүлдем байланыс жоқ. Басқарма өкілі бұған  адам санының аз болуы себеп болып отырғанын айтады. Десе де, алдағы жылдары байланыс орнатылмаған елдімекендерге жоғары жылдамдықты интернет қоспақ. Ал ұялы байланыс мұнараларын орнату үшін халық саны 250 адамнан көп болуы керек – дейді.