"Мүмкіндігі шектеулі азаматты жұмыстан қысқартқан": «Әділет» партиясы тұрғындардың мәселесін тыңдады

  • AstanaTV
  • 08 қазан 2026

«Әділет» партиясы тұрғындардың өтініш-тілегіне құлақ асып, түйткілді мәселелердің шешілуіне ықпал етіп келеді. Партияның орталық аппараты жанындағы қоғамдық қабылдауда Құрылтай депутаты Тілектес Адамбеков азаматтарды қабылдап, олардың арыз-шағымдары мен ұсыныстарын тыңдады. Тұрғындар тұрғын үймен қамтамасыз ету, еңбек құқықтары, әлеуметтік қорғау және стартап-жобаларды іске асыруға қатысты мәселелерін ортаға салды.

Елорда тұрғыны Бауыржан Алдабергенов күні кешеге дейін мектепте еңбек етіп, нәпақасын тауып келген. Алайда білім беру ұйымындағы техникалық қызметтер жекеменшік клининг компаниясына беріліп, азамат штаттық қысқартуға ілігіпті. Үшінші топтағы мүгедектігі бар тұрғынның зейнет жасына жетуіне небәрі 3 жыл қалған.

БАУЫРЖАН АЛДАБЕРГЕНОВ. АСТАНА ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Мен қазіргі таңда жұмыссызбын, жасым 60-та. Қазір 3 жыл бар зейнетке шығуыма. Қоғамдық қабылдау бөліміне, Құрылтай депутатына келген себебім, Тілектес Серікбайұлына, мүмкін болашақта өз шешімін табады деп ойлаймын.

Ал халық қалаулысы: ""Азаматтардың арыз-шағымын құзырлы мекемелерге жолдаумен ғана шектелу жеткіліксіз", - дейді. Сондықтан мәселені жеке бақылауына алатынын айтты.

ТІЛЕКТЕС АДАМБЕКОВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, "ӘДІЛЕТ" ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Менің өзіме де қызық болып жатыр: неге өйтіп шығарып салған? Неге ол кісіге басқа жұмыс ұсынбаған деген сияқты. Бұл сұрақтардың бәрімен жұмыс істейтін боламыз. Жай ғана құзіретті органдарға олардың өтініштерін жіберу емес, ол күнделікті өзіміз осы жұмыстардың бір шешімін шығарып, осы кісілермен кері байланысты нығайтып, жауаптарын алып, көмегіміз тисе, осы - біздің басты мақсатымыз.

"Әділет" партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде бұдан өзге де бірқатар әлеуметтік және құқықтық мәселелер қаралды. Әрбір өтініш бойынша тиісті органдарға нақты тапсырмалар беріліп, мәселелердің шешілу барысын бақылауға алу туралы уағдаластық жасалды.