«Әділет» партиясы ұйымдастырған «Тең мүмкіндіктер» фестиваліне жүздеген бала қатысты

Еліміздің бірнеше өңірінде балалар арасындағы «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалі өтті. «Әділет» партиясының бастамасымен спорт мерекесі жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылады.

Ақтөбеде өткен фестивальге қатысуға 260-тан астам бала өтініш білдірген. Жас спортшылар бочча, жеңіл атлетика және көңілді старттар бойынша бақ сынады.

АҚЫЛБЕК САХИЕВ, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ:

«Әділет» партиясының әділетті қоғам құру жөніндегі бастамасы осы балалардың әділетті ортада, тең дәрежеде қалыптасуына ықпал ету. Бұл фестивальдің маңыздылығы, яғни ерекше балалардың өзінің қатар Құрбыларымен тең дәрежеде қоғамға бейімделуі.

Шымкентте фестивальге қала мектептерінің 200-ге жуық оқушысы қатысып, үш жас санаты бойынша бақ сынады. Жарыс барысында қатысушылар ептілігін, шапшаңдығын және командалық жұмыс қабілетін көрсетті. Жеңімпаздар Астанада өтетін республикалық сайысқа қатысады.

НҰРЖАМАЛ МҰРАТҚЫЗЫ, САЙЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:

Дайындық өте жақсы. Бочча түріне қатысамын, бірінші рет қатысуым менің. Әсерім өте жақсы. Себебі бұл спорт менде бірінші рет болғаннан кейін менде қобалжу бар.

МҰРАТ ЖОЛДЫХОЖАЕВ «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ШЫМКЕНТ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

Мүмкіндігі шектеулі балаларға біз ерекше мән беріп, олармен әрдайым қарым-қатынас жұмыс жасаймыз. Біз «Әділет» партиясының ұйымдастыруыменен, әкімшілік, спорт басқармасы бар, жұмыспен қамту бар барлық басқармалармен бірлесіп осындай үлкен іс-шаралар өткізіп жатырмыз.  

Павлодарда жарысқа 3-8 сыныптарда оқитын 100-ден астам оқушы қатысты. Сайыс екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Бірінші кезеңде балалардың жылдамдығы сыналып, жүгіруден бақ сынады. Екінші кезеңде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар түрлі спорттық тапсырмаларды орындады.

СВЕТА АБДРАМАНОВА, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:

Бұл жарысқа 105 бала ұсыныс жасады. Оның 35-і ерекше балалар. Бұл жоба бірінші жыл емес, бұл жобаны біз үшінші жыл өткізіп жатырмыз.

"Тең мүмкіндіктер" жобасының негізгі мақсаты - балаларды әлеуметтік ортаға белсенді тарту, спортқа қызығушылығын арттыру және өз қабілеттерін көрсетуіне жағдай жасау. Фестиваль қорытындысы бойынша жүлдегерлер диплом, медаль, кубок және бағалы сыйлықтармен марапатталды.