Құрылтай желтоқсан айында цифрландыру және жасанды интеллект мәселелері жөнінде тыңдау өткізеді

Фото: Құрылтай

Құрылтай цифрландыру саласындағы сарапшылардың басын қоспақ. Биыл желтоқсан айында цифрландыру және жасанды интеллект мәселелері жөніндегі Құрылтай тыңдауы өтеді. Құрылтай қазірден бұл тыңдауға дайындалып жатыр, деп хабарлайды Astana TV. 

Осы ретте Құрылтай IT мен жасанды интеллект саласы мамандарын осы тыңдаудың дайындығына қатысуға шақырады.

«Осы жұмыс аясында еліміздің цифрлық трансформация әлеуетін арттыруға мүмкіндік беретін нақты жобалар мен ұсыныстарды талқылау жоспарланып отыр», - дейді Құрылтайдың Цифрландыру, инновациялар және ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмедиев.

Оның айтуынша, цифрландырудың нәтижесі әр азаматтың өмірінде нақты көрініс табу керек.

«Өндіріс өсіп, шығындар төмендеп, кәсіпорындардың кірісін арттыру үшін нақты жобалар қажет. Алдағы тыңдауда осы мәселелерді анықтап қана қоймай, оларды шешудің нақты жолдарын ұсынуға тырысамыз», – деді комитет төрағасы.

Жалпы, Құрылтайдағы бұл тыңдаудың басты – цифрландыру деңгейін бағалаумен шектелмей, экономиканың нақты секторларындағы өзекті мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін технологиялар мен тиімді тетіктерді айқындау.

«Құрылтай тыңдауларына дайындық аясында 5-10 қазан аралығында азаматтар мен сарапшылар өз жобалары мен ұсыныстарын Құрылтайдың ресми quryltai.kz сайты арқылы жолдай алады. Ол үшін сайттың басты бетіндегі тиісті баннерді басып, қажетті бағыт бойынша жұмыс тобын таңдау қажет. 11 қазаннан бастап келіп түскен ұсыныстар жұмыс топтарының қатысуымен қаралып, тиісті бағыттар бойынша жүйеленеді», - деп хабарлайды Құрылтайдың ресми сайты.

Естеріңізге сала кетейік, тыңдау Мемлекет басшысы жариялаған «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында өтпек. Өйткені, биыл Мемлекет басшысы 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» цифрландыруды ауқымды түрде жүзеге асыру және жасанды интеллект технологияларын жаппай енгізудің жалпыұлттық стратегиясын бекітті. Құжат жасанды интеллектіні экономика салаларына енгізуге, өндіріс пен басқа да негізгі секторларды жаңғыртуға бағытталған.