Перизат Қайраттың нағашы ағасының отбасы Дубайда жалпы құны 5,9 млн долларға немесе шамамен 2,67 млрд теңгеге бағаланған жеті жылжымайтын мүлікке иелік ететіні анықталды, деп хабарлайды Astana TV "Выход к морю” Телеграм арнасына сілтеме жасап.
Дерекке сәйкес, пәтерлердің барлығы Қазақстан азаматы Гүлбану Алашбаеваның атына рәсімделген. Ол Перизат Қайраттың анасы Ғайни Алашбаеваның туған ағасы Сәбит Алашбаевтың жұбайы.
Дубайдағы жылжымайтын мүлік тізіліміне сәйкес, Алашбаевтар бұл нысандарды 2020-2022 жылдары сатып алған. Бұл кезең Перизат Қайраттың қоғамдық қызметі басталған уақытпен тұспа-тұс келеді.
Сәбит пен Гүлбану Алашбаевтардың Қазақстанда ірі кәсіпкерлік активтері жоқ. Олардың атына Астана мен Ақтөбеде екі жеке кәсіпкерлік тіркелген, ал өздері риэлтор болып жұмыс істейді.
Басылым мәліметінше, Гүлбану Алашбаеваның атына Дубайда мына нысандар тіркелген:
- Forte Tower II кешеніндегі екі бөлмелі пәтер. Аумағы – 116,31 шаршы метр. Қазіргі бағасы – 878,6 мың доллар;
- Vida Dubai Mall Tower II кешеніндегі бір бөлмелі пәтер. Аумағы – 74,8 шаршы метр. Бағасы – 750 мың доллар;
- Сол кешендегі екі бөлмелі тағы бір пәтер. Аумағы – 105,63 шаршы метр. Бағасы – 1,12 млн доллар;
- Bellevue Towers кешеніндегі үш бөлмелі пәтер. Аумағы – 119,59 шаршы метр. Бағасы – 735 мың доллар;
- Azure Residence кешеніндегі аумағы 106 шаршы метр болатын екі бір бөлмелі пәтер. Екеуінің жалпы құны – 1,65 млн доллар;
- Harbour Views кешеніндегі екі бөлмелі пәтер. Аумағы – 106,16 шаршы метр. Бағасы – 780 мың доллар.
Бұған дейін Алашбаеваға тиесілі болған Acacia at Park Heights кешеніндегі пәтер қысқа мерзімді жалға беруге шығарылған. Жарнамада байланыс ретінде оның электронды поштасы көрсетілген. Бұл пәтерді отбасы 2020 жылы 380 мың долларға сатып алған. Кейін нысан сатылған, алайда мәміленің нақты сомасы белгісіз.
Перизат Қайраттың ісі бойынша 2025 жылы сот оны 10 жылға, ал анасы Ғайни Алашбаеваны 7 жылға бас бостандығынан айырған. Сот оларды Biz Birgemiz Qazaqstan қорының 3,5 млрд теңгесін жымқырып, заңдастырды деп таныған.
Олардың мүлкі тәркіленіп, жалпы құны шамамен 900 млн теңге болатын төрт пәтер, қымбат көліктер, банк шоттарындағы қаражат, әшекей бұйымдар, брендтік киімдер мен сөмкелер мемлекетке өткен.
Басылым Дубайдағы пәтерлердің кейін тәркіленуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Сонымен қатар авторлар бұл жылжымайтын мүлік Алашбаевтардың риэлторлық қызметтен тапқан комиссиялық табысына сатып алынуы мүмкінекенін де атап өткен. Алайда бұл нұсқа әзірге расталмаған.