Маңғыстау облысында тағамнан уланған 9 жастағы бала қайтыс болды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, дәрігерлер балада тағамдық ботулизм болуы мүмкін деп күдіктенген, деп хабарлайды Astana TV.
2016 жылы туған бала 19 қыркүйекте Мұнайлы аудандық ауруханасына түскен. Сол күні жағдайының ауырлығына байланысты облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне ауыстырылған.
Балаға ботулизмге қарсы сарысу енгізіліп, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Емге республикалық деңгейдегі мамандар да тартылған. Алайда аурудың ауыр ағымынан ми ісініп, полиоргандық жеткіліксіздік дамып, бала III дәрежелі комаға түскен.
6 қазанда баланың қайтыс болғаны тіркелді.
Қазір оның отбасының тағы үш мүшесі ауруханада ем алып жатыр. Әкесінің жағдайы жақсарған, қалған екі ересек адам дәрігерлер бақылауында.
Денсаулық сақтау министрлігі ботулизмнің өмірге қауіп төндіретін ауыр инфекция екенін ескертті. Аурудың негізгі көзі дұрыс дайындалмаған немесе сақталмаған үй консервілері, кептірілген және ысталған балық пен ет өнімдері болуы мүмкін.
Мамандар қақпағы ісінген, иісі немесе түрі өзгерген, сондай-ақ рұқсат етілмеген жерлерден сатып алынған өнімдерді тұтынбауға шақырды.