СІМ Непалдағы іздеу-құтқару жұмыстары аяқталғанын, ал Тибетте іздеу жалғасып жатқанын айтты, деп хабарлайды Astana TV.
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Жанболат Үсенов Непал мен Қытайдың Тибет автономиялық ауданында табиғи апат болған аймақта жүрген Қазақстан азаматтарын іздеу жұмыстарының барысы туралы мәлімет таратты. Непалда іздеу-құтқару операциясы 5 қазанда аяқталса, Тибетте іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Непал мен Қытайдың Тибет автономиялық ауданындағы табиғи апат болған аймақта жүрген Қазақстан азаматтарына қатысты жағдайды бақылауда ұстап отыр.
«Непал тарапының мәліметінше, Непал аумағындағы іздеу-құтқару операциясы 5 қазанда ресми түрде аяқталды. Қазір зардап шеккен аудандарда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жұмыстар барысында табылған адам сүйектері мен жеке заттар кейіннен сәйкестендіру үшін тиісті орындарға берілуде», – делінген хабарламада.
Қытайдың Тибет автономиялық ауданындағы ең көп зардап шеккен Гьиронг уезінде іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Қытай тарапы адам сүйектерін сәйкестендірумен және генетикалық сараптамамен қатар айналысып жатыр.
Бұған дейін Қазақстаннан үш турист қыздың із-түзсіз жоғалғаны хабарланған еді. Олардың екеуі Непалда, біреуі Тибетте болған. Непалда табиғи апат болған аймақта болуы мүмкін деп есептелген қазақстандық әйелдердің бірімен байланыс орнатылды. Оның сапарын тоқтатқандығы анықталды. Қазір ол Қазақстанда.
«Қазіргі уақытта тағы екі отандасымыздың орналасқан жері анықталған жоқ. Олардың туыстары ықтимал сәйкестендіру үшін қажетті рәсімдерден өтті. Атап айтқанда, Непал мен Қытайдың құзырлы органдары белгілеген тәртіпке сәйкес ДНҚ сараптамасына қажет биологиялық материалдарын тапсырды», – деп атап өтті министрлік.
Қазақстандық дипломаттар із-түзсіз жоғалған азаматтардың отбасыларымен байланыста болып, оларға қажетті көмек көрсетіп жатыр.