Алматы маңында қожайыны қайтыс болған соң жүзге жуық ит қараусыз қалды

Фото: скрин

Алматы маңындағы далада жануарларды құтқару орталығының негізін қалаушы, "Dog House “Твардовский дом” басшысы Владимир Тепляков қайтыс болғаннан кейін 90 ит қараусыз қалды, деп хабарлайды Astana TV.

Жүзге жуық иттің иесіз қалғаны туралы ерікті Арсен Кабденов айтты. Оның сөзінше, Владимир Тепляков бұл иттерге бірнеше жылын арнаған. Иесіз қалғандықтан енді оларға жаңа үй керек.

Арсен Кабденов өз жазбасында "Твардовский үйінің" негізін қалаушымен бірнеше күн бұрын танысқанын айтты. Сол кезде ол иттерге жем апарып берген. Сонда Владимир Тепляков волонтерге бұл жердің тарихын айтып берген. Баспана 2015 жылы құрылған және оның қайтыс болған ұлының құрметіне аталған.

"Осы жылдар ішінде олар бірнеше рет көшіп, көптеген қиындықтарға тап болды. Әр жолы бәрін қайтадан бастауға тура келген. Қазір иттер далада, дұрыс қоршауы да, жағдайы да жасалмаған. Мен көмектескім келді. Бірақ далада үлкен қоршау мен вольерлер салу үшін қаражат қажеті. Сондықтан Владимирге иттерге жаңа отбасылар тауып беруді ұсындым. Ол ойланып көретінін айтты. Кешке маған қайта хабарласып, келісетінін айтты. Мен осы жұмысты қалай ұйымдастыруға болатынын ойластыра бастадым", – деп жазды Арсен Кабденов.

Алайда кеше, 7 қазанда, оған суық хабар жеткен. Владимир Тепляков белгісіз жағдайда қайтыс болған.

Арсен марқұмның туған-туыстарына көңіл айтып, енді оның иттеріне көмектесу керек екенін жеткізді.

"Қазір далада шамамен 90 ит бар. Жақында күн суытады. Осы жылдар бойы бар жауапкершілікті өз мойнына алып келген адам енді жоқ", – деді Кабденов.

Ерікті марқұм қожайынмен келіскендей әр итке жайлы пана тауып беруді жоспарлап отыр.