Желіде қазақстандықтар Happy Cake компаниясының жұмыс жағдайы мен жалақысын қызу талқылады. Бұрын жұмыс істеген қызметкерлер компаниядағы еңбек жағдайына қатысты түрлі шағымдарын бөлісті. Айтуынша, жалақыны кешіктіргенін былай қойғанда, қызметкерлерді камера арқылы үнемі бақылап, оларға айыппұл салып, еңбекақысынан ақша ұстап қалған. Мұнда кейбірі қолына небәрі 21 мың теңге айлық алса, енді бірі денсаулығына байланысты жұмыстан шыққанымен, жалақысын ала алмаған, деп хабарлайды Astana TV Stan.kz-ке сілтеме жасап.
Желіде қазақстандықтар Happy Cake компаниясының жұмысқа қабылдау туралы хабарламасы көптің назарына түсті. Мұнда сатушы-кассирге 180 мың теңге жалақы ұсынылған.
“Ұят қой! Жұмыс кестесі – 2/2, таңғы 8:00-ден кешкі 21:00-ге дейін. Оның үстіне, студенттерді жұмысқа алмайды екен. Елестетіп көріңіздерші, адам екі күн қатарынан 13 сағаттан жұмыс істейді де, айына бар болғаны 180 мың теңге алады. Екінші жұмысқа кірейін десе, оған күш те, уақыт та қалмайды. Демалуға мүмкіндік жоқ. Бұл — Қазақстан бойынша 270-тен астам нүктесі бар үлкен компания. Оның үстіне, сөз болып отырған нүкте Алматының дәл орталығында орналасқан. Егер компания өз қызметкерлерін осылай бағалап, осындай жалақыға жұмыс істететін болса, мен енді олардан ештеңе сатып алғым келмейді”, – деп жазды желі қолданушысы.
Қазақстандық Happy Cake-тің иесіне бұған дейін жақсы көзқараста болғанын, алайда оның қызметкерлерін бағалауына қарап көңілі қалғанын алға тартты.
“Ол компаниясын қалай құрғанын, қаншалықты үлкен бизнеске айналдырғанын тіпті АҚШ-та да бір нүкте ашқанын мақтанышпен айтқан. Сонда "Мәссаған, жарайсың!" деп ойлағанмын. Ал қазір қарасам, мұнда адамдарды 180 мың теңгеге жұмыс істетеді екен. АҚШ-та нүкте ашқанша, алдымен өз қызметкерлеріңе лайықты жалақы төлесеңші!”, – деп қорытты ол.
“Жұмыс жағдайы құлдықпен тең: Ал мерзімі өткен торттарды қызметкерлерге алғызады”
Желі қолданушылары арасында бұрын осында жұмыс істеген қазақстандықтар да жалақының аздығын растады. Көпшілік мұнда істеген кездегі өз оқиғаларын бөлісті.
“Жаңа жыл қарсаңы 30 желтоқсанда таңертең жұмысқа келіп, сол жерде түнеп қалдық. Ал 31 желтоқсанда таңғы 7-8-ден түнгі 1-2-ге дейін дерлік үзіліссіз жұмыс істеп, келген қалың клиентке қызмет көрсеттік. Осы ауысымнан кейін қатты ауырып, тамағым қабынып, ақыры жұмыстан шығуға мәжбүр болдым. Бірақ ең қызығы кейін басталды. Ауысымнан соң кассада шамамен 20 мың теңге кем шыққаны анықталды. Біз екі сатушы болдық. Сол себепті әрқайсымыздан 10 мың теңгеден төлеуді талап етті. Ал осынша сағат артық жұмыс істеп, түнгі ауысымда қалғанымыз үшін бізге де 10 мың теңгеден сыйақы берді. Яғни іс жүзінде екі тәулікке жуық жұмыс істегеніміз үшін берілген сыйақы түгелдей кассадағы кемшілікті жабуға кетіп қалды. Жаңа жылға қызметкерлерге жасаған "сыйлықтары" осындай болды. Қорытындыны өздеріңіз жасаңыздар", – деді Аида есімді желі қолданушысы.
Кондитерлік дүкеннің Астанадағы нүктесінде бұрын жұмыс істеген тағы бір қызметкер басшылықтың қарым-қатынасы өте нашар болғанын алға тартты.
"Цехта алғаш рет жұмыс істеп көрейін деп кондитер көмекшісі болып жұмысқа орналастым. Сөйтіп, кондитерлік пен асүйге деген қызығушылығым оянды. Бірақ Happy Cake-ке деген өшпенділігім де бірге пайда болды. Жұмыс жағдайы құлдықпен тең. Ақша тапқысы келген 15 жастағы оқушылар да жұмыс істейтін. Ал басшылығы сұмдық. Бұрын-соңды мұндай басшыларды көрмеппін. Қызметкерлерді ортақ чатта үнемі кемсітіп, бір минутқа кешіксең, сол күнгі жалақыңды 9 мыңнан 4 мың теңгеге дейін қысқартатын. Оның үстіне, күн сайын “осынша торт пісіреміз” деген орындауы тиіс жоспар болған. Жоспарды уақытынан бұрын бітірсек, жұмыстан ертерек жіберетін. Бірақ ауысым ақысының жартысын ұстап қалатын. Яғни жұмысты тез аяқтағанымыз үшін де аз ақша алатынбыз.”, – деп баяндады ол.
Аруа есімді тағы бір қызметкер бұрынғы жұмыс орнында камера орнатылғанын жеткізді. Айтуынша, қызметкерлердің бос тұрғаны, үстел мен торттардың қисық тұрғанына дейін камерадан қарайтын болған.
“Жұмысқа орналасып, тағылымдамадан өттім. Одан кейін екі айдай жұмыс істедім. Бізге жалақыдан ұстап қалу үшін мерзімі өтіп кеткен торттар мен бәліштерді сатып алуға мәжбүрлейтін. Оны өзіміз сатып, болмаса біреуге өткізуіміз керек деген сылтау айтатын. Айыппұл салудың да сылтауын тауып отыратын. Қызметкерлерді үнемі бақылауда ұстайды: “Неге бұлай тұрсың?”, “Неге олай отырсың?” деп әр қадамыңа тиіседі. Соңында маған 21 мың теңге ғана жалақы берді. Елестетіп көріңіздерші! Адамдарды алдап, жалақысынан ұстап қалуды ғана біледі! Айтпақшы, тағылымдамадан өткен уақытымызға да ақша төлемейтін”, – деп шағымданды ол.
Бұл дүкендер желісінде қызмет еткен өзге де қызметкерлер жалақы мәселесінен бөлек, жұмысшыларға су, түскі ас секілді қажеттілік қамтылмағанын да қоса кетті.
Жаппай шағымдардан соң HappyCake компаниясының ресми жауабы да пайда болды. Олар жоғарыдағы жалақысы 180 мың деп жазылған хабарламаның тексерілетінін жеткізді.
“Біздің бос жұмыс орындарына назар аударып, пікірлеріңізбен бөліскендеріңізге рақмет. HappyCake компаниясында адамдарға жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасалғаны біз үшін маңызды. Сондықтан мұндай пікірлерге бейжай қарамаймыз. Қазір аталған вакансия бойынша ақпарат пен хабарландыруда көрсетілген еңбек жағдайларын қосымша тексеріп жатырмыз. Бүгінде біздің желіде 3000-нан астам қызметкер жұмыс істейді. Олардың арасында компаниямен бірге 5 жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келе жатқан мамандар да бар. Біз әр қызметкерімізді бағалаймыз және жұмыс жағдайларын үнемі жақсартып отыруға тырысамыз. Атап айтқанда, оқыту, тамақтану, бонустар, мансаптық өсу және болашақта серіктес болуға мүмкіндік қарастырылған”, – деп жауап берді.
Ал компанияның негізін қалаушы Асхат Солтанов бұл шу барысында хайп қумайтынын айтып, бір ғана жазбамен жауап беретінін жеткізді.
“Бұл жағдай да шешіледі, бәлкім, әлдеқашан шешіліп қойған шығар. Ал хайптың соңында бәрібір жағымсыз әсер қалады. Сондықтан біз өз ісімізді бұрынғыдай жалғастыра береміз дедім. Қателесіп те жатамыз. Мінсіз емеспіз. Бірақ өз жұмысымызды тұрақты әрі шын көңілмен істеп келеміз. Ал еңбекке қатысты ұстанымым қарапайым: кез келген адамның еңбегі лайықты бағаланып, ақшасы уақытында әрі толық төленуі керек. Мұнда талқылайтын ештеңе жоқ”, – деді ол.
Компания басшысы мұндай наразылыққа қарамастан жаңа дүкендерінің кеңейіп жатқанын да жеткізді.