Президент Достастықтың халықаралық байланысын кеңейту қажет деп санайды

фото: Ақорда

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің ұсынысымен ТМД жанынан Байқаушылар және Серіктестер институты құрылғанын еске салды.

– Осы бастаманың желісімен «ТМД плюс» форматы пайда болды. Ендігі қадам – алғашқы «ТМД плюс» саммитін ұйымдастыру деп ойлаймын. Жоғары деңгейдегі мұндай кездесу ықпалдастық географиясын кеңейтіп, еуразиялық ауқымдағы ашық әрі сұранысқа ие алаң ретінде Ұйымның рөлін күшейтеді. Қазақстан конструктивті ұстанымға сай Еуразиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық тұжырымдамасын жетілдіру бойынша ортақ жұмысқа атсалысуға ниетті. Аталған құжаттың сипаты жағымды, конфронтациялық мазмұннан ада болғаны жөн, – деді Президент.

Мемлекет басшысы сөз соңында 35 жыл ішінде Достастық ұйымы мемлекеттер мен халықтар өмірінің ажырамас бөлігіне айналғанын атап өтті. Сондай-ақ келесі жылы ТМД-ға төрағалық ететін Өзбекстанға сәттілік тіледі.

Жиында Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев және ТМД Бас хатшысы Сергей Лебедев сөз сөйледі.