Автосалонға көлігін сеніп тапсырып, сан соғып қалған 120-дан астам адам сергелдеңде жүр

  • AstanaTV
  • 09 қазан 2026

Алматы облысында көлігін жоғары бағада әрі тез сатып береміз деген автосалонға сенген 120-дан астам адам мүлкін әлі қайтара алмай жүр. Сөздерінше, қызметкерлер көліктерді соғып, арзанға сатып, ізім қайым жоқ болған. Іс сағызша созылды деп ашулы. Мәселенің мән-жайын тілшіміз тарқатады.

Көлік иелерінің айтуынша, автосалон өкілдері күні ертең сатып алушы дайын деп сендіріп, көліктерін салонға қалдыруға көндірген. Мөр басылған келісімшартты да қолымызға ұстатты дейді. Небір сылтаумен уақытты созып, артынша темір тұлпарларының қайда кеткенінен хабарсыз қалғандарын айтады. Мәселе бұған дейін де көтерілген. Десе де әлі күнге дейін шешімін таппапты.  Амалы таусылған жұрт бүгін облыстық полиция департаментінің алдына тағы да жиналды.

БАЯН СОВЕТОВА, ТҰРҒЫН:

Сендім, целая организация, бәленбай машина тұр ішінде, целая автосалон. Оларға сенбегенде кімге сенеміз? Жоқ, жоқ, сіз шуламаңыз, міне бүгін түседі деді. Бітті! Сонымен мен шыдамай бардым РОВД-ға арыз жаздым. Қайтып келсем салон жабық. Мен тіпті білмеймін олар кімге сатқанын білмеймін. Бар айтарым осы: машинам да жок, ақшам да жоқ. 8 миллионға, 8-ге келістік, бір тиын бермеді.

РҮСТЕМ БҰХАРБЕК, ТҰРҒЫН:

Біздің қазір талап етіп жатқанымыз міне 3-ші айға кетті. Бұл тергеу өте ұзақ жүріп жатыр. Біздің мысалы 125 адамның ішінде 20 шақты адамның көліктері әлі күнге шейін табылмаған. Хотя олар мына Алматы қаласында және басқа қалаларда жүр ол көліктер. Не себептен ол әлі күнге шейін жаңағы істелмей жатыр ол жұмыстар?

Департамент өкілі тергеудің созылуына жәбірленушілер санының көптігі мен тергеу жұмыстарының көлемі себеп екенін жеткізді. Сондай-ақ тұрғындардың істі облыстық деңгейге ауыстыру туралы өтінішін қарастырып, іс қазан айының соңына дейін аяқталатынын мәлімдеді.

БАЛАБЕК БЕКБОЛАТОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ:

Жабірленушілердің саны көп болуына байланысты. Ол жерде өздеріңіз білесіздер, тергеу жүргізген кезде олардың банк счеттары бар. Әрбір машинаны жаңағыдай алып, автотұраққа қою үшін соттың санкциясы керек. Осы тергеушілердің санына байланысты тергеу кішкене созылып жатыр. Мынау осы 2026 жылдың қазанға дейін қылмыстық іс бітеді.

ӘЙГЕРІМ ЕСЕНКЕЛДІ, ТІЛШІ:

Қазір 4 күдіктінің 3-еуі қамауда. Алдандық деген азаматтар іске қатысы бар басқа да табанын жалтыратып, тайраңдап жүргендердің жауапқа тартылғанын талап етеді. Ал тәркіленген көліктердің иесін  сот шешеді.