"Тәтті сусын қауіпті", - эндокринолог

  • AstanaTV
  • 09 қазан 2026

Қазақстанда мектеп оқушыларының 20 пайыздан астамы артық салмақтан зардап шегеді. Ересектер арасында да жағдай алаңдатарлық. Семіздіктің таралу деңгейі 21 пайызға жеткен. Дерттің алдын алу үшін не істеу керек және оны емдеудің қандай жолдары бар? Мамандар пікірін Айғаным Тұрысбек білді.

Семіздік - созылмалы аурулардың бастауы. Соның бірі- қант диабеті. Оқушылардың 17 пайыздан астамы қант қосылған тәтті сусындарды аптасына 6-7 рет тұтынады. Мұндай өмір салты уақыт өте келе екінші типтегі қант диабетіне әкелуі мүмкін.

АЙГҮЛ ДУРМАНОВА, ДӘРІГЕР-ЭНДОКРИНОЛОГ:

Қазір елде қант диабетіне шалдыққан 550 мыңнан астам адам есепте тұр. Қант диабеті ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Ересектерде  миокард инфарктіне, инсультке, диабеттік табан синдромына және созылмалы бүйрек ауруының асқынуына себеп болады. Соның салдарынан науқасқа гемодиализ қажет болуы мүмкін.

Дәрігерлерге қаралатын балалардың 90 пайызында артық салмақ өмір салтының бұзылуынан туындаған. Ата-аналардың маманмен кеңеспей, балаға өз бетінше диета тағайындап, аш ұстауы жағдайды одан ары ушықтыруда.

АЙДАНА ҚЫРЫҚБАЕВА, БАЛАЛАР ЭНДОКРИНОЛОГЫ:

Диетаның әрқайсысы адамға пайдалы деп айта алмаймыз ғой. Ол жерде де өте үлкен дәрігермен бірге жасалатын жұмыс керек. Аштық немесе жаңағы тез аз калория арқылы салмақ тастау, ол әрқашан соныңында кері әсерін тигізуі мүмкін адамға. Және ол тек қана салмаққа байланысты емес, ол ішкі ағзаларына да кері әсерін тигізуі мүмкін. Сол кезде тіпті есіленген біз жаңағы қауіпқатерге тап болуымыз мүмкін.

Бүгінде артық салмақтан арылтуды уәде ететін биологиялық қоспалар мен шөп шайлар жетіп артылады. Бірақ олардың тиімділігі ғылыми түрде дәлелденбеген. Мәселені шешу үшін елімізге халықаралық фармацевтикалық компанияның жаңа препараты енгізілді.

МАНВЕНДРА СИНГХ, NOVOKAZAKHSTAN БАС ДИРЕКТОРЫ:

Артық салмақ мәселесі бар 12 жастан асқан жасөспірімдер мен ересектер бұл препаратты қолдана алады. Оның алғашқы айтарлықтай әсерін шамамен төрт апта ішінде байқауға болады. Бұл дәрі міндетті түрде дәрігердің бақылауымен қолданылуы керек.

Дегенмен, бұл -дертті жеңудің қосымша бір жолы ғана. Мамандар ең алдымен семіздіктің нақты себебін анықтап, эндокринологпен бірге кешенді түрде жұмыс істеу керегін ескертеді.