Қазақстанда А(H1N1)pdm09 маусымдық тұмауының алғашқы бес жағдайы тіркелді, деп хабарлайды Astana TV.
Эпидемиологиялық мониторинг деректеріне сәйкес тұмаудың үш жағдайы Астана қаласында, екеуі Маңғыстау облысында анықталған. Зертхана жағдайында барлығы 834 сынама зерттеліп, оның бесеуінен тұмау вирусы табылды.
Соңғы есепті аптаның ішінде елде 127 266 ЖРВИ жағдайы тіркелді. Алдыңғы аптада бұл көрсеткіш 140 273 болған. Қыркүйек айының басынан бері ЖРВИ-дің 760 182 жағдайы анықталды.
Зертханалық мониторинг басқа да респираторлық вирустардың таралуын растады. Атап айтқанда, риновирустық инфекцияның - 68, маусымдық коронавирустық инфекциялардың - 47, бокавирустық инфекцияның - 50, парагриптің - 32, аденовирустық инфекцияның - 27, респираторлық-синцитиалды инфекцияның - 2 және метапневмовирустық инфекцияның 1 жағдайы анықталды, - делінген ДСМ хабарламасында.
Халықты тұмауға қарсы тегін вакцинациялау үшін «Гриппол®️ Плюс» вакцинасының 2,1 млн дозасы сатып алынды. Оның құрамы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2026–2027 жылдардағы эпидемиялық маусымға арналған ұсынымдарына сәйкес келеді. Вакцина еліміздің барлық өңіріне жеткізілді. 8 қазандағы жағдай бойынша тұмауға қарсы екпені 240 375 адам алды.
Бірінші кезекте тегін вакцинациялау қауіп топтарына жүргізіледі. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, жүкті әйелдер, диспансерлік есепте тұрған балалар, жетім балалар, медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын адамдар мен осы мекемелердің қызметкерлері, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша басқа да санаттағы азаматтар бар, - делінген хабарламада.
Денсаулық сақтау министрлігі вакцинациялау үшін қазан айы қолайлы кезең екенін еске салады. Себебі екпеден кейін иммундық қорғаныстың қалыптасуына шамамен екі апта қажет.
Вакцинациялау тұмаудың ауыр өту және асқыну қаупін төмендетуге көмектеседі.