Бельгия астанасының орталығында полиция мен бетперде таққан жастар арасында қақтығыс өтті
Тәртіпсіздік жұма күні Брюссель орталық вокзалының маңында бұрқ етті, деп хабарлайды Astana TV.
BILD мәліметінше, қара киімдегі жүздеген жас полиция қызметкерлеріне ағаш бөренелер, бөтелкелер мен қоқыс жәшіктерін лақтырған. Құқық қорғаушылар көзден жас ағызатын газ бен су атқыштар қолданды. Вокзал маңындағы алаңда велосипедтер өртеніп, қала орталығын қою түтін басты.
Бұл қақтығыстар бельгиялық кәсіподақтардың үкіметтің шығындарды азайту жоспарына қарсы өткізген ауқымды акциясымен тұспа-түс келді. Belga агенттігінің хабарлауынша, қара киімді топтар демонстрацияға қатысушылардың арасына сіңіп кеткен. Ал кәсіподақ акциясын ұйымдастырушылар шараның бейбіт сипатын ерекше атап өтті.
Тәртіпсіздіктер Бельгияның француз тілді бөлігіндегі студенттік наразылықтар аясында орын алуда. Жастар оқу ақысының қымбаттауына, аудиториялардың лық толы болуына және білім беруге бөлінетін шығындардың қысқаруына қарсы шығуда. Льеж қаласында соңғы күндері 100-ден астам адам ұсталды.
Жағдай Францияда жақында болған қақтығыстарды елестетеді. Онда наразылық кезінде 500-ден астам адам ұсталған еді. Дегенмен Бельгиядағы толқулардың себебі елдің өз білім беру реформаларына да байланысты.