Бельгия королі мен патшайымы Қазақстанға келеді

Фото: monarchie.be

Бельгия королі Филипп пен патшайым Матильда 12-14 қазан аралығында Қазақстанға алғаш рет келеді, деп хабарлайды Astana TV. 

Бұл - Бельгия монархтарының Орталық Азияға жасайтын алғашқы мемлекеттік сапары.

Бельгиялық делегацияның құрамында 110 адам – 4 министр, 25-ке жуық компания басшылары мен 7 университеттің ректорлары бар.

Бельгия монархтарының сапары Ақордада өтетін ресми қарсы алу рәсімінен басталып, одан кейін Мемлекет басшысымен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер жүргізеді.

Бұдан соң король мен королева Астана мен Алматыдағы мәдениет және ғылым нысандарын аралап, екі ел арасындағы ынтымақтастыққа арналған кездесулерге қатысады.

Тараптар экономикалық және инвестициялық байланыстарды нығайту, аса маңызды минералдық ресурстар, көлік және логистика, энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы мен білім беру салаларындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылауды жоспарлап отыр. Жасанды интеллектіге де ерекше назар аударылмақ.