Сыйлықты Оңтүстік Африка Республикасынан шыққан құқық қорғаушы Наванетхем Пиллэй иеленді, деп хабарлайды Astana TV.
Биыл сыйлыққа барлығы 287 үміткер ұсынылды. Олардың 208-і жеке тұлға, ал 79-ы ұйым болды. Ақшалай сыйлық көлемі 1,06 миллион еуро.
Наванетхем (Нави) Пиллэй бүкіл кәсіби өмірін адам құқықтарын қорғауға және аса ауыр қылмыстарға кінәлілерді қылмыстық жауапкершілікке тартуға арнаған. ОАР-да адвокат болып жұмыс істеген кезінде апартеид режиміне қарсы шыққандардың құқықтарын қорғады. Кейін халықаралық трибуналдардың судьясы болды. Оның Руанда жөніндегі халықаралық трибуналдағы қызметі ерекше атап өтіледі. Ол зорлауды геноцид жасаудың әдістерінің бірі ретінде алғаш рет ресми түрде мойындаған сот шешімдерін шығаруға қатысты.
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары қызметін атқарған 2008-2014 жылдары ол әлемнің әртүрлі елдеріндегі адам құқықтарының бұзылуын сынға алды. Алайда 85 жастағы Пиллэйдің тұлғасы қоғамда пікірталас тудырып келеді. Оны көп жылдан бері Израильге қатысты біржақты ұстанымда болды деп айыптап жүр.
Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты жарияланғанға дейін негізгі үміткерлер қатарында балалардың құқықтарын қорғаумен айналысатын украиналық құқық қорғаушы Николай Кулеба мен ресейлік оппозиция өкілі, 50 жастағы Юлия Навальная аталған еді.