Алғашқы үш аптада 13 мың тоннадан астам өнім сатылды
19 қыркүйектен бастап Қазақстанның барлық облысында отандық өндірушілерді қолдау және халықты қолжетімді азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында «Дала дәмі» ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері өткізіліп келеді, деп хабарлайды Astana TV.
Жәрмеңкелер демалыс күндері ұйымдастырылып, жыл бойы тұрақты түрде жалғасады.
Тек осы аптада еліміздің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылған жәрмеңкелерде 3,5 мың тонна азық-түлік өнімі ұсынылды. Оның негізгі бөлігін көкөністер мен бақша дақылдары – 1,7 мың тонна, ет және ет өнімдері – 785 тонна, сүт өнімдері – 285 тонна құрайды. Сонымен қатар сауда орындарында құс еті, балық, жеміс-жидек, бакалея өнімдері, ұн, нан, макарон өнімдері және басқа да азық-түлік тауарлары сатылуда.
Отандық фермерлердің өнімдерін тікелей жеткізу және делдалдар санын қысқарту нәтижесінде жәрмеңкелердегі бағалар нарықтағы орташа бағадан шамамен 20%-ға төмен. Сонымен қатар мұндай сауда алаңдары еліміздің әр өңіріндегі ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өз өнімдерін сатуға, тұтынушылармен тікелей байланыс орнатуға және өңіраралық сауда қатынастарын дамытуға мүмкіндік береді.
Осы демалыс күндері Астана тұрғындары мен қонақтары Түркістан және Батыс Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы өндірушілері ұсынған өнімдерді сатып ала алады. Елордаға 600 тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі жеткізілді. Оның ішінде Түркістан облысынан 60 тонна ет және ет өнімдері, 260 тонна көкөніс пен жеміс-жидек, сондай-ақ 60 тоннадан астам сүт және сүт өнімдері әкелінді. Ал Батыс Қазақстан облысының өндірушілері 50 тоннаға жуық ет және ет өнімдерін, 80 мың дана жұмыртқа, 11 тонна балық өнімдерін және басқа да ауыл шаруашылығы тауарларын ұсынады.
Елордада осындай жәрмеңкелерді өткізу өңірлік өндірушілер үшін өнім өткізудің қосымша мүмкіндіктерін қалыптастырып, өңіраралық сауда байланыстарын нығайтуға ықпал етеді. Сонымен қатар халықтың сапалы отандық өнімдерді қолжетімді бағамен сатып алуына жағдай жасайды.