Жүк көлігі мен автобус соқтығысып, 28 адам қаза тапты

Фото: скриншот

Морогоро аймағында жүк көлігі басып озу ережесін бұзып, қарсы бағыттағы автобуспен бетпе-бет соқтығысқан

Танзанияның шығысындағы Морогоро аймағында жолаушылар автобусы мен ағаш тиелген жүк көлігі бетпе-бет соқтығысты. Қайғылы оқиға салдарынан кемінде 28 адам қаза тапты, деп хабарлайды AstanaTV Синьхуа агенттігіне сілтеме жасап.

Аймақтық өрт сөндіру және құтқару қызметі басшысының міндетін атқарушы Джозеф Мвасабеджаның айтуынша, жол апаты бейсенбіге қараған түні Морогоро - Дар-эс-Салам тасжолының Мкамбарани елді мекені маңында орын алған. Дар-эс-Саламнан Мбея қаласына бағыт алған жолаушылар автобусы жүк көлігімен қатты соқтығысқан.

Қақтығыстан кейін жолаушылар автобусында өрт шығып, көлік толығымен жанып кеткен. Құтқару қызметі оқиға орнында жедел жұмыстар жүргізіп, қаза тапқандардың денесін алып шықты.

Алдын ала мәлімет бойынша, жол-көлік оқиғасына жүк көлігінің жүргізушісі кінәлі болған. Ол қауіпсіздік шараларын сақтамай, алдындағы көлікті басып озуға әрекеттенген кезде қарсы бағытқа шығып кеткен. Әзірге жүк көлігі жүргізушісінің жеке басы анықталып жатыр.