Демалыс күндері патрульдік полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар жүргізуде, деп хабарлайды Astana TV.
Рейдтік іс-шаралар барысында бір тәулік ішінде мас күйде көлік басқарған 4 жүргізуші анықталды. Мәселен, 10 қазан күні сағат 02:00-де Берғалиев көшесі бойында Lexus автокөлігі тоқтатылды. Тексеру барысында 41 жастағы жүргізушінің масаң күйде көлік басқарғаны анықталды. Осыған ұқсас жағдай сағат 01:10-де Қ.Ғаббасов көшелерінің қиылысында болды. Мұнда 22 жастағы жүргізуші Renault Laguna автокөлігін масаң күйде тізгіндеген. Барлық жүргізуші медициналық куәландырудан өткізіліп, көліктері арнайы тұраққа қойылды. Оларға қатысты заңнамаға сәйкес шаралар қабылданды. Полиция мас күйде көлік басқару жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін ескертеді.