Тым ыстық шай мен кофе өңеш обырының  даму қаупін арттыруы мүмкін

Денсаулық сақтау министрлігі

Оксфорд университетінің ғалымдары ыстық сусындардың температурасы мен оларды тұтыну жиілігінің өңеш обырының даму қаупімен байланысын зерттеді. Зерттеу барысында 1 миллионға жуық адамның деректері талданған, деп хабарлайды Astana TV.

Нәтижелер көрсеткендей, ішілген сусынның мөлшері ғана емес, оның температурасы да маңызды.

Өте ыстық сусындарды ұнататын адамдарда өңештің жалпақ жасушалы обырының даму қаупі жылы сусын ішетіндермен салыстырғанда 3 еседен астам жоғары болған.

Күніне алты немесе одан да көп кесе ыстық сусын ішу  обырдың осы түрінің даму қаупінің 71%-ға артуымен байланысты болған.

 Сонымен қатар шай мен кофені тұтынудың арасында айтарлықтай айырмашылық анықталмаған. Ғалымдардың пайымдауынша, негізгі рөлді сұйықтықтың жоғары температурасы атқаруы мүмкін. Өйткені ол өңештің шырышты қабығын зақымдауы ықтимал.

Бұл күнделікті әдеттеріміз үшін нені білдіреді?

Сүйікті шайыңыздан немесе кофеңізден бас тартудың қажеті жоқ. Ең бастысы — сусынның сәл салқындауын күтіп, ауыз күйдіретіндей ыстық күйінде ішпеу.

Денсаулыққа қамқорлық қарапайым әдеттерден басталады. Кейде ішетін сусынның өзін емес, оның температурасын өзгерту жеткілікті.