Мемлекет басшысы Король мен Патшайымның елімізге сапары Қазақстан-Бельгия қарым-қатынасын одан әрі нығайту тұрғысынан тарихи мәнге ие екеніне назар аударды, деп хабарлайды Astana TV.
– Қазақстанға қош келдіңіздер. Сапарларыңыз мемлекетіміздің дамуындағы өте маңызды кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Жалпы, еліміз өркендеп, экономикасы ілгерілеп келеді. Сіздердің сапарларыңыз екіжақты қарым-қатынасқа тың серпін береді деп айтуға болады, – деді Президент.
Король Филипп қонақжайлық көрсеткені үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, ертеңгі жоғары деңгейде өтетін келіссөздер табысты болатынына сенім білдірді. Сондай-ақ екі елдің сан қырлы серіктестігін тереңдетудің маңызын атап өтті.
– Ұшақ трапынан қазақ жеріне қадам басқан сәттен бастап көрсетілген сый-құрмет үшін Сізге алғыс айтамын. Үш күндік сапармен келгенімізге қуаныштымыз әрі еліңізбен жақынырақ танысамыз деп сенемін, – деді Король Филипп.