Үндістанның IndiGo әуе компаниясына тиесілі Делиден Ченнайға бағыт алған ұшағы жолаушының пауэрбанкі өртенгеннен кейін Хайдарабад қаласына шұғыл қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды Astana TV.
Басылымның мәліметінше, 6E 6115 рейсінің салонында болған оқиғадан кейін ұшақ Раджив Ганди атындағы халықаралық әуежайға бағытталған. Бортсеріктер жедел әрекет етіп, өртті сөндірген.
Әуе компаниясы борттағы жағдай бақылауға алынғанын және ұшақтың әуежайға аман-есен қонғанын хабарлады.
Жолаушыларды Ченнай қаласына жеткізу үшін қосымша ұшақ ұйымдастырылды. Рейс кестесінің бұзылуына байланысты жолаушыларға тамақ беріліп, қажетті ақпарат ұсынылған.