«Яндекс» деректер орталықтарына жасалған бірнеше шабуылдан кейін пайдаланушылар шоттарындағы ақшаны пайдалана алмай қалды. Алайда компанияның финтех бағытының жетекшісі Дмитрий Пирогов қаражаттың қауіпсіз екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Astana TV.
11 қазанда Дмитрий Пирогов «Яндекс Пэй» пайдаланушыларына үндеу жасады. Оның айтуынша, сол күні таңертең компанияның тағы бір деректер орталығы зақымданған. Соның салдарынан пайдаланушылар әлі де шоттағы қаражат қалдығын тексере алмай, сатып алған заттарының ақысын төлей алмай немесе ақша аудара алмай отыр.
Пироговтың сөзінше, пайдаланушылардың ақшасы деректер орталықтарында сақталмайды. Ол жерде төлем сервисінің жұмысын қамтамасыз ететін серверлер орналасқан. Әр шот туралы ақпарат бірнеше алаңда көшірмелер түрінде сақталады. Компания осы деректерді тексеріп, ешқандай ақпарат жоғалмағанына көз жеткізген.
– Қызметтің қайтадан толық жұмыс істеп тұрғанын әзірше айта алмайтыным өкінішті. Команда сервистердің жұмысын қалпына келтіруді жалғастырып, әр қадамды тексеріп жатыр. Әңгіме сіздердің ақшаларыңыз туралы болғанда, біз үшін “Яндекс Пэй” сервисін мүмкіндігінше тез іске қосу ғана емес, оның сенімді жұмыс істейтініне көз жеткізу де маңызды. Сіздердің жай ғана сөзді емес, ақшаларыңызға қол жеткізуді күтіп отырғандарыңызды түсінемін. Қаражатыңызды пайдалана алмай, күту қаншалықты қиын екенін де білемін. Қызметтің қашан толық қалпына келетінін әзірше нақты айта алмаймыз, бірақ сервистің жұмысын қалпына келтірмейінше, тоқтамайтынымызға уәде береміз, – деді Дмитрий Пирогов.
Қазақстанда да ақаулар болды
Еске салайық, 11 қазанда «Яндекс» сервистеріндегі ауқымды ақаулар Қазақстанға да әсер етті. Пайдаланушылар «Яндекс Go» арқылы такси шақыру және жеткізу қызметтеріне тапсырыс беру кезінде қиындықтарға тап болды.
Осы жағдайға байланысты қазақстандықтардың шағымдары бойынша inDrive арқылы сапарлау құны үш есеге жуық қымбаттаған.