Тақ пен тағдыр тартысы: «Орхан» сериалы 13 қазанда эфирге шығады

Әке аманатын арқалаған жас билеуші, ұлы мемлекеттің тағдыры және тақ үшін күрес. 13 қазаннан бастап «Астана» телеарнасында көрермен назарына Осман мемлекетінің тарихын арқау еткен «Орхан» тарихи драмасы ұсынылады, Astana TV.

Тарихи туындылар көрерменді өткен дәуірдің тыныс-тіршілігімен таныстырып қана қоймай, билік пен жауапкершілік, адалдық пен сатқындық, махаббат пен күрес секілді мәңгілік тақырыптарды тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Осындай мазмұнды туындылардың қатарын толықтырған «Орхан» телехикаясы Осман мемлекетінің қалыптасу кезеңін және оның болашағын айқындаған тұлғаның өмір жолын баяндайды.

Сериалдың басты кейіпкері – Осман мемлекетінің негізін қалаушы Осман Ғазидің ұлы, әкесінің мұрасын жалғастырған Орхан Ғази. Ол билік тізгінін қолына алған сәттен бастап елдің тұтастығын сақтап, мемлекеттің шекарасын кеңейту және саяси ықпалын нығайту жолында күрделі шешімдер қабылдауға мәжбүр болады. Оның әрбір қадамы жеке тағдырына ғана емес, тұтас мемлекеттің келешегіне әсер етеді.

Телехикаяда Бурса мен Изник қалалары үшін болған күрес, Византиямен арадағы қақтығыстар және түркі билеушілері арасындағы саяси тартыстар кеңінен суреттеледі. Сонымен қатар билеушінің мемлекеттік міндеті мен жеке сезімдері арасындағы қайшылықтар да оқиға желісіне арқау болады. Орхан мен Нилюфер Хатунның қарым-қатынасы, сарай ішіндегі интригалар мен отбасылық байланыстар тарихи драманың мазмұнын байыта түседі.

«Орхан» телехикаясының режиссері – Бүлент Ишбилен. Продюсері әрі сценарий авторларының бірі – Мехмет Боздаг. Басты рөлдерді Мерт Языджыоғлу, Махассине Мерабет, Алина Боз, Джихан Үнал және Барыш Фалай сынды түрік актерлері сомдайды.

Әкесінен қалған аманатты арқалап, мемлекеттің болашағы үшін күрескен жас билеушінің тағдырына куә болғыңыз келсе, жаңа тарихи драманы жіберіп алмаңыз!

«Орхан» тарихи телехикаясы 13 қазаннан бастап күн сайын сағат 21:00-де «Астана» телеарнасында көрсетіледі.