Жыл сайын 12 қазанда ревматикалық ауруларға, оларды ерте диагностикалауға және әлеуметтік салдарына қоғамның назарын аудару мақсатында Дүниежүзілік артритке қарсы күрес күні атап өтіледі, деп хабарлайды Astana TV.
Ревматоидты артрит – созылмалы аутоиммунды ауру. Уақтылы ем қабылданбаған жағдайда ол буындардың деформациясына және мүгедектікке әкелуі мүмкін. Алайда заманауи емдеу әдістері ауруды бақылауда ұстауға және дәрігерге ерте жүгінген жағдайда тұрақты ремиссияға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) деректеріне сәйкес, әлемде 528 миллион адам остеоартритпен, ал 18 миллион адам ревматоидты артритпен ауырады. Global Burden of Disease зерттеуінің болжамы бойынша, 2050 жылға қарай ревматоидты артритке шалдыққан науқастар саны 31,7 миллионға жетеді. Бұл денсаулық сақтау жүйелерінің медициналық көмектің жаңа стандарттарын енгізу қажеттігін көрсетеді.
Қазақстанда мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Көпбейінді ауруханаларды жаңғырту аясында Ақтөбе, Қызылорда және Ақмола облыстарында жаңа ревматологиялық орталықтар ашылды. Сонымен қатар Астанада қалалық ревматологиялық орталық жұмысын бастады.
Бұл өңірлерде науқастарды диагностикалау, емдеу және диспансерлік бақылау мүмкіндіктерін кеңейтуге, сондай-ақ мамандардың консультациясын алу мен ауруханаға жатқызуды күту мерзімдерін қысқартуға мүмкіндік берді.
Ревматологиялық қызметті цифрландыру да маңызды қадам болды. Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтының базасында ревматоидты артритпен ауыратын науқастардың ұлттық цифрлық тіркелімі іске қосылды. Жүйе аурудың белсенділік көрсеткіштерін автоматты түрде есептеп, емнің тиімділігін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді.
Алдағы жоспарларға тіркелімді еліміздің барлық өңіріне тарату, сондай-ақ жүйелі қызыл жегі, псориаздық артрит және анкилоздаушы спондилитпен ауыратын науқастарға арналған осындай деректер базаларын құру кіреді.
Медициналық инфрақұрылымды дамыту және заманауи емдеу әдістерінің қолжетімділігін арттыру Қазақстан азаматтарының өмір сапасы мен еңбекке қабілеттілігін сақтауға мүмкіндік береді.