Алматыда қарияны өлтіріп, үйін басқа біреуге рәсімдеген

  • AstanaTV
  • 12 қазан 2026

Жоғалған кілтті іздеймін деп сұмдық оқиғаның бейне жазбасын көрді. Басына пакет ұрап, егде кісіні ұрлаған видеоны көршілері байқапты. Почта жәшігіне үйдің кілтін жасырған. Қойған орнынан таппағасын бейнекамера жазбасын ақтарған. Полиция жедел іске кірісті. Қылмысқа қатысы бар төрт күдіктіні қолға түсірді. Толығырақ Ғазиза Әмірбек айтсын.

ҒАЗИЗА ӘМІРБЕК, ТІЛШІ:

Жантүршігерлік бұл қылмыс дәл осы қаланың қақ ортасындағы көп қабатты үйде болған. Белгісіз бірнеше адам кіріп, үшінші қабатта тұратын қарияның басына қап кигізіп алып кеткен. Оқиға бейнебақылау камерасына анық түскен.

Куәгерлердің айтуынша, әуелі пошта жәшігінің кілті жоғалған. Оны іздеп, бейнебақылау жазбасын тексерген көршілер сұмдық көрініске тап болады. Кадрдан қарияны басына пакет кигізіп, алып кетіп бара жатқанын көрген тұрғындар ғана сол кезде не болғанын түсінген. Ал арада он күн өткенде, қарияның үйі сатылып, басқа адамның атына рәсімделгені белгілі болған. Бірінен соң бірі болған күмәнді жайттарға тұрғындар бұл іске «қара риелторлардың» қатысы болуы мүмкін дейді.

НАДЕЖДА СЫЧОВА, КУӘГЕР:

Оқиға болған түні ешқандай дауыс естімедік, бәрі тыныш болды. Не болғанын кейін камерадағы жазбадан ғана байқап қалдық. Ал үйінің сатылып кеткенін естігенде, қатты таңғалдық. Өйткені ол кісінің үйін сатайын деген ойы жоқ еді. Үйіне бөтен адамдарды кіргізбейтін, тіпті туыстары келгенін де байқамайтынбыз. Өзіміз оны көбіне күндіз дүкенге бара жатқанда ғана көріп, амандасып жүретінбіз. Өзі өте қарапайым, тыныш өмір сүретін адам еді.

Бейнежазбаны көрген тұрғындар бірден полицияға хабар берген. Полицияның хабарлауынша, жедел іздестіру шараларының нәтижесінде төрт күдікті ұсталды. Бір қызығы, күдіктілердің арасында үш ер адаммен қатар бір әйел де бар. Қазір төртеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалған.

ҚУАТБЕК НАУАТОВ, АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Төртеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта қажетті жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу жұмыстарымен Ішкі істер министрлігінің ең тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы құрылған жедел-тергеу тобы айналысуда. Тергеу барысы Ішкі істер министрінің ерекше бақылауында. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.

Әзірге марқұмның туыстары табылған жоқ. Ал оның баспанасы кімнің атына және қандай негізде рәсімделгені белгісіз.