Депутат пойыздарды мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімдеуді ұсынды

  • AstanaTV
  • 12 қазан 2026

Пойыздарда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы купелермен мәселе толық шешілмейді. Мүмкіндігі шектеулі жандар темір жол вокзалына кіргеннен, пойызға отырғанға дейін ешқандай кедергіге кезікпеуі керек. Құрылтай депутаты Елдос Баялышбаев Астанадағы «Нұрлы жол» вокзалына арнайы барып, жағдайымен танысты. Вагондардың тарлығы, жүріп-тұруға кедергі келтіретіні әсіресе, параспортшылардың жарысқа жолға шыққанда анық көрінеді.

Сондықтан халық қалаулысы әрбір пойыз құрамын жылжымалы көтергіштермен, ал вагондарды тар өткелдермен жүруге арналған арнайы ықшамды арбашалармен жабдықтауды ұсынды. Айта кетейік, биыл шамамен 280 жаңа вагон сатып алу көзделген, оның 20-ға жуығы ерекше қажеттіліктері бар жандарға толық бейімделмек. Бұл бастамалар теміржол инфрақұрылымын заманауи талаптарға сай етіп, әрбір азаматтың сапарын қауіпсіз әрі жайлы етуге бағытталған.

ЕЛДОС БАЯЛЫШБАЕВ, ҚР ҚҰРЫЛТАЙЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ, «ӘДІЛЕТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Вагондар арасындағы өткелдердің қаншалықты тар екенін байқадыңыздар ма? Ұшақтарда орындықтар арасымен жүруге арналған арнайы кішкентай арбашалар қолданылады. Осындай арбашаларды теміржолда да жеткілікті мөлшерде пайдалануға болады. Екінші ұсынысым, әрбір пойыз құрамын жылжымалы көтергішпен қамтамасыз ету. Бұл мүмкіндігі шектеулі жолаушылардың вагонға көтеріліп, өз орнына еш кедергісіз жетуіне мүмкіндік береді.