«Әділет» партиясының жастар қанаты «Вандализмге жол жоқ» акциясын бастады. Қазірдің өзінде Алматы, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарында арнайы іс-шара өткізді. Белсенділер тарихи ғимараттарды вандалдардың жазуынан тазартып, қалаға көрік берді. Бүгінде Орал қаласында мемлекет қорғауындағы жүзден астам көне ғимарат бар. Оның әрқайсысы - өңір тарихының тілсіз куәсі, ұрпаққа аманат боп қалған мұра. Жастар қоғамдық мүлікке жанашырлықпен қарауды дәріптеу арқылы қала мәдениетін сақтап, вандализмге тосқауыл қоюға болатынын айтады.
ШҰҒЫЛА НҰРМҰХАНОВА, "ӘДІЛЕТ" ПАРТИЯСЫ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ КОНСУЛЬТАНТЫ:
Бұл жерде орналасқан үйлердің - барлығы көне, бізге қалған мұра ретінде саналатын үйлердің бірі. Бұл жерден қаламыздың тұрғындарынан бөлек, қаламызға келген туристер көп жүреді. Сол үшін сол туристер келгенде қаламыздың тазалығын, табиғатын паш ету мақсатында, таза қала етіп көрсету мақсатында дәл осы жерді өзіміздің объектіміз ретінде, өзіміздің мақсатымыз ретінде таңдадық және де барлық жастарды осындай көне жерлерімізді таза ұстауға шақырамыз.
Жамбылдық жастар да оралдық замандастарының бастамасына үн қосып, бүтінді бүлдіруге жол бермейтінін дәлелдеді. Тараздағы тарихи кешендердің аумағын тазалап, түрлі бояумен салынған суреттерді өшірді. Еріктілер «Тектұрмас» этнотарихи кешенін бастапқы қалпына келтіруге барын салды. Вандализмге қарсы күрес іс-шарасы Алматы қаласында да ұйымдастырылды.
МЕРЕЙ ЖОЛДАСБЕК, «ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР ҚАНАТЫ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Біздің мақсатымыз – тарихи орындарымызды сақтау, қоршаған ортаны таза ұстау және жастарды қоғамдық мүлікке жауапкершілікпен қарауға шақыру. Себебі туған жерімізді таза ұстау – әрқайсымыздың міндетіміз.